Семейде ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің құрылысы басталды

Семейде толық циклды экологиялық ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің құрылысы басталды. 

Жоба өрттен зардап шеккен және санитарлық кесуге жататын ағашты тиімді өңдеуге, өндіріс қалдығын қайта пайдалануға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған. Өндірілген өнім бірқатар шетел нарығына экспортталады.

Жоба екі өндірістік нысаннан тұрады. Михайлов ауылында ағашты бастапқы тұрғыда өңдейтін кешен салынса, Семейдегі зауытта дайын өнім боп шығарылады. Мұнда жылына 2 миллион текше метрге дейін ағаш шикізатын өңдеу жоспарланған.  

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инвестиция тартуды еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп келеді. Осыған сәйкес Абай облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа өндірістерді іске қосуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Облыс әкімдігі тарапынан барлық жағдайды жасап біздің облысқа инвесторлардың тартымдылығын күшейту үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. 

Зауыт өрттен зардап шеккен орман учаскелерін санитарлық тазартуды жеделдетіп, өңірде заманауи өңдеу өнеркәсібін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өндірілген өнім Орталық Азия, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея нарығына экспортталады.

Чжан Ликай, компанияның бас директоры:

- Бүгінгі капсула салу рәсімі ауқымды инженерлік- экологиялық жобаның басталғанын білдіреді. Жоба 2023 жылы Семей орманындағы ірі өрт салдарын жоюмен байланысты. Орманның 63,3 мың гектар жері зардап шекті, Зақымданған ағаш 6 млн теңше метр аумақты алып жатыр. Жоба жасыл ағаш емес, өрттен зардап шеккен учаскелерді санитарлық тазартуға бағытталған.

Кәсіпорын 2028 жылы пайдалануға берілмек. Іске қосылғаннан кейін 900-ге дейін тұрақты жұмыс орыны ашылады. 

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков