Семейліктер Республика күнін атап өтті
Семейде Республика күніне орай түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мемлекеттік рәміздер алаңында Қазақстанның Мемлекеттік туы салтанатты түрде көтеріліп, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерт өтті.
Бейбітшілік аралындағы рәміздер алаңына зиялы қауым өкілдері, жастар, әскери қызметшілер мен Абай облысының тұрғындары жиналды. Салтанатты шара ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадірін дәріптеп, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Біздің басты парызымыз қасиетті ел егемендігін көздің қарашығындай сақтап, туымызды тұғырдан түсірмеу. Бұл баршамыздың ортақ мұратымыз, борышымыз. Бүгінгі мерейлі мерекеде баршаңыздың отбасыларыңызға құт-береке тілеймін. Республика күні құтты болсын, ардақты ағайын!
Мереке аясында жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, Үржар және Бородулиха аудандарының жедел жәрдем қызметтері жаңа көліктермен толықты. Жалпы Республика күніне орай Абай облысында 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылып жатыр.
Өмірқұл Айниязов, әнші, ҚР мәдениет қайраткері:
- Бүгін Абай елінде, Семей жерінде ерекше тойланып жатыр. Оны менің көңіл-күйімнен көруге болады. Халықтың тұрысы, салқындыққа қарамастан жақсы тойлап жатыр. Сондықтан өте қуаныштымыз. Еліміз аман болсын. Жұртымыз тыныш болсын. Бейбітшілігіміз мәңгілік болсын.
Бибі Шаяхметова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Ел іргесі аман болсын, дендерің сау болсын. Жұмыстарың табысты болсын. Осы заман тыныш болып, әрқашанда жақсылықпен жастарымыз жүре берсін. Өсе беріңдер, өне беріңдер, балаларым.
"Егемен елім – Қазақстаным!" атты концерт Республика күнінің мазмұнын айшықтап, ұлттық рух пен елдік құндылықтарды дәріптеді. Мерекелік бағдарлама аясында қала тұрғындары мен қонақтары отандық өнерпаздардың өнерін тамашалап, патриоттық әндерді тыңдады.
Авторлары Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков