Астанада робот-курьер тегін қызмет көрсетеді

Астанада роботтар жүк таси бастады. Яғни тапсырыс берсеңіз керегіңізіді робот-курьер жеткізіп береді. Тіпті қызметіне ақы алмайды. Тегін. 

Бұл ғана емес. Енді таксиді күтіп, болмаса жүргізушімен сөз таластырып отырмайсыз. Биыл Астана мен Алматыда робот-таксилер жүре бастайды. Ал оған дейін робот-курьерлердің қатары да көбейе түседі. Астанада онлайн тапсырыс берсеңіз, жеткізушілерге ақы төлеудің қажеті жоқ. Тауарды робот-курьерлер тегін әкеліп береді. Құлтемірлерді ешкім қашықтан басқарып отырған жоқ. Өздігінен, жасанды интеллекті арқылы жұмыс істейді. Тұтынушы көрсеткен мекенжайды өзі табады. Жаяу жүргіншілер жолымен ғана жүреді. Кедергі болса, айналып өтеді, адам кезіксе жол береді. Бағдаршамды да қалт жібермейді. Тұтынушылар құлтемірдің қай жерде келе жатқанын арнайы қосымшадан көре алады. Робот тұрғын үйдің кіреберісіне немесе тротуар бойымен ең жақын жерге тоқтайды. Ондағы жүксалғышты тапсырыс беруші ғана смартфон арқылы ашып, тауарды алуға тиіс. Компания өкілдерінің айтуынша, робот-курьерлер кез келген күн райында, қысы-жазы жұмыс істейді. Тұтынушылардың мекенжайына қарай сол маңдағы құлтемірлер жіберіледі. Сәйкесінше, тапсырыс санаулы минут ішінде жеткізіледі. Жоба Жасанды интеллект министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Тимур Шалекенов, компания басшысы:

- Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл жобаны іске қосу өте маңызды болды. Алғаш болып Астанаға енгізіп отырмыз. Әзірге роботтар Хан шатыр, Мәңгілік ел қақпасы аумақтарында тапсырыс қабылдайды. Жақын арада тағы бірнеше аумақты қамтимыз.

Бұған дейін Астанада дрондар әуе арқылы курьер қызметін атқарып жүргенін айтқан едік. Пилоттық режимде 5 аумаққа арнайы постаматтар орнатылған. Сол жерден тұтынушылар сусын, тәтті тағамдар мен ойыншықтарға тапсырыс бере алады. Салада осылай бәсекелестік қыза түсті. Статистикаға сүйенсек, былтыр курьер мен пошта қызметіне қазақстандықтар 86 млрд теңге жұмсаған. 

Елде пилотсыз жүк тартқыш көліктер өндіріледі

Қазақстандағы автокөлік шығаратын зауыттар жасанды интеллект технологиясын енгізе бастайды. Соның негізінде пилотсыз жүк көліктері құрастырылады. Жобаны 2028 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады. Бүгінгі таңда елде жеңіл автомобиль, автобус, жүк көліктері мен арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарды шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделуде.  

Биыл робот-таксилер іске қосылады

Такси қызметіне де көп ұзамай жүргізуші керек болмай қалуы ықтимал. Өйткені биылдан бастап робот-таксилер жолаушы тасымалдайды. Бұл жүйені енгізетін компания басшысының айтуынша, мұндай көліктер алдымен Астана мен Алматы қалаларында пайда болады. Пилоттық жобаның алғашқы кезеңі күзге дейін жүзеге асырылып, сынақтан өтеді. Ал жылдың соңына қарай коммерциялық мақсатта қолданыла бастайды. Робот-таксилер үшін жолда бөлек жолақ қарастырылмайды. Яғни, өзге көліктермен бірге қатынай береді. Жолақысында да айырмашылық болмайды. Жолаушылар арнайы қосымшада робот немесе қарапайым таксиді таңдай алады.

Тимур Шалекенов, компания басшысы:

-  Алматыдағы зауытта құрастырылатын көліктерге лидар мен камералар, сондай-ақ өзге де қажетті құрылғылар орнатылып, жүргізушісіз басқару мүмкіндігі жасалады. Алматыда 30 шақты робот-такси қатынайды. Ал Астанада бұдан аз болады. Дегенмен сұранысқа қарай кейін көбейтеміз.

Сонымен қатар тақауда ғана елде аэротакси сынақтан өткенін хабарлаған едік. Әуе көлігі 300 метр биіктікке дейін көтеріліп, сағатына 200 шақырым қашықтықты ұшып өтеді. Бұл жоба келешекте көлік кептелісін азайтып, туристік орындарға жылдам жеткізеді. Оны шамамен 2029 жылға қарай қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

ЖИ жүк тасымалын бақылайды

Жасанды интеллект жүк тасымалын да бақылайды. Елде "Smart Cargo" цифрлық платформасы жұмыс істеп тұр. Соның көмегімен жүкке қатысты құжаттар автоматты түрде тексеріледі. Нәтижесінде көліктердің шекарадан өту уақыты едәуір қысқарды.