Инвестициялық қауіпсіздік рейтингі: Қазақстан 17 сатыға жоғарылады
Қазақстан инвестициялық қауіпсіздік рейтингінде бірден 17 сатыға көтеріліп, 53-ші орынға табан тіреді. Осылайша, Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап, экономикасы ірі бірқатар мемлекетті басып озды. Биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 20 млрд АҚШ долларынан асты. Ал жеке инвестициялар көлемі 21 пайызға артты. Қаңтар-маусым айларында жалпы ішкі өнім 4,1 пайызға өсті.
Құрылыс саласы 15 пайыздан астам өсім көрсетті. Көлік, логистика және өңдеу өнеркәсібі сынды салалар экономиканың шикізат нарығына тәуелділігін азайтып, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасы шеңберінде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылып, әкімшілік кедергілерді жедел шешу тетігі енгізілді. 25 жылға дейінгі мерзімге тұрақты жағдайды қамтамасыз ететін 57 инвестициялық келісімшарт жасалды.