VEON компаниясы Қазақстандағы бизнесін ұлғайтуға ниетті

VEON Қазақстанмен қатар Пәкістан, Бангладеш, Өзбекстан мен Украинада ұялы байланыс және цифрлық қызмет көрсететін халықаралық компаниялар тобы.

Елде Beeline бренді арқылы жұмыс істеп келеді. Өткен айда VEON Group бас атқарушы директоры Каан Терзиоглу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Қазақстанға инвестиция көлемі артатынын айтты. Жасанды интеллект өнімдеріне бет бұра бастаған компания Нью-Йоркте биылғы екінші тоқсанның қаржылық есебін де жариялады. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бұл әлемдегі ірі технологиялық компаниялардың акциялары саудаланатын Nasdaq биржасы. Осы алаңда тіркелген VEON компаниясы Қазақстандағы бизнесін ұлғайтып, алдағы үш жылда ел экономикасына тағы бір миллиард доллар инвестиция салуға ниетті.

Соңғы есебіне сүйенсек, компанияның екінші тоқсандағы жалпы кірісі былтырғыдан 17 пайызға артқан. Бұған «өзін-өзі күшейтетін өсім жүйесі» себеп болған. Яғни клиент алдымен мобильді байланысқа қосылады, кейін төлем, контент және өзге де цифрлық сервистерді пайдалана бастайды. Қызмет түрі көбейген сайын компанияның кірісі артып, түскен қаражат жаңа желі мен технологияларды дамытуға қайта жұмсалады. Компания енді осы модельді Қазақстанда кеңейте түсуді жоспарлап отыр.

Джаббор Каюмов, Beeline Kazakhstan бас атқарушы директоры:

- Инвестицияның негізгі бөлігі қазіргі телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Басты мақсат — ел аумағын сапалы байланыспен қамтып, желінің сенімділігін арттыру. Одан соң инвестицияның едәуір бөлігі жасанды интеллектке негізделген сервистер мен өнімдерге, деректер орталықтарына және Қазақстан нарығына қажет басқа да цифрлық бастамаларға бағытталады.

Күн тәртібіндегі жобалардың қатарында жаңа деректер орталығы мен Starlink-пен бірлескен Direct-to-Cell байланысы бар. Бұл технология ұялы мұнара жоқ жерде телефонды спутник арқылы желіге қосуға мүмкіндік береді. Компания қызметті қыркүйекте іске қосып, алғашқы бірнеше айда тегін ұсынбақ. Алайда бір миллиард доллардың жобалар бойынша нақты бөлінісі әзірге жарияланған жоқ. Сондықтан жоспардың нәтижесі шалғайдағы байланыс сапасы, цифрлық өнімдердің саны және жобалардың уақытында іске қосылуымен бағаланбақ.

Ердана Ержанұлы, Иджоу Шин