Wildberries Қазақстанда 260 мың шаршы метрлік жаңа қоймалар ашуды жоспарлап отыр

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Wildberries Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойма алаңын жалға пайдалануда. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Министрдің айтуынша, компания тарапынан қосымша қоймаларды жалға алу мәселесі бойынша министрлікке ресми өтініш түспеген. Мұндай мәселелер бизнес пен компания арасындағы коммерциялық қатынасқа жатады және мемлекеттік органдармен келісуді қажет етпейді.

Сонымен қатар Wildberries-тің логистикалық инфрақұрылымды дамыту жоспарлары өзгеріссіз қалады. Компания 2027 жылдың бірінші тоқсанында жалпы аумағы 260 мың шаршы метр болатын жаңа қоймаларды іске қосуды жоспарлап отыр.

Оның ішінде 160 мың шаршы метрлік қойма Астанада, ал тағы 100 мың шаршы метрлік нысан Алматыда орналасады.