Нарықта отандық қауын-қарбыз көбейді
Нарықта отандық көкөніс көбейді. Ұттық статистика бюросының алдын ала дерегіне сүйенсек, биыл бір ғана қауын-қарбыз алқабы 83 мың гектардан асқан. "Бұл былтырғыдан көп емес, бірақ өнімнің шығымы тәуір", - дейді мамандар.
Биыл 83 мың гектар алқапқа бақша дақылдары егілді. Диқандар алғашқы өнімдерін жинап, сатуға кіріскелі қашан. Өнімділік шамамен 2,5-2,8 млн тонна. Бұл кейінгі 6 жылдағы орташа көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросы елде жыл сайын қарбыз түсімі көбейіп жатқанын айтады. Биыл 21 пайызға артып, 1,2 млн тоннаға жеткен. Ал қауын 14%-ға азайып, 1,3 млн тонна болды. Бұған сұраныс көлемі әсер етті. Ең бастысы, ішкі нарық отандық бақша дақылдарымен толық қамтылған. Жарты жылда импорты 11%-ға төмендеді.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
- Бақша дақылдарын маусымында Орталық Азия елдерінен аламыз. Көбі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келеді. Маусымаралық кезеңде импорттайтын ел қатары көбейеді. Жапония, Қытай, Оңтүстік Шығыс Азиядан да жеткізіледі. Қазір өз диқандарымыз өнімін нарыққа шығарып жатыр. Ішкі нарыққа жеткілікті.
Қарбызды қайта өңдеу қолға алынды
Жыл басынан бері отандық қауын-қарбыз экспорты 2,5 есе артты. Басым бөлігі Ресейге сатылған. Қырғызстан, Беларусь және Моңғолиядан да сұраныс түсіп жатыр. Ал өткен жылы қазақстандық бақша өсірушілер шетелге 107,6 мың тонна өнім жөнелтті. Қазір қарбызды қайта өңдеп, қосылған құны жоғары өнім ретінде экспорттауға көңіл бөлініп жатыр. Құрғақ ұнтақ өнімдері кондитерлік өнеркәсіпте, сусындар өндірісінде кеңінен қолданылады. Бақша дақылдарын кептіретін шағын зауыттар Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында жұмыс істеп тұр. Жамбыл облысында қауын-қарбыз пюресі мен концентрат шығаратын цехтар іске қосылған. Ал дайын өнімдер ЕАЭО нарығына экспортталады.
Бақша дақылдары нарығы маусымдық ұсыныстың артуымен бірге ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. Сарапшылар қарбыз бен қауын бағасының маусымда айтарлықтай төмендейтінін атап өтеді, ал экспорт көлемі жыл сайын өсіп келеді. Негізгі бағыт бұрынғыдай Ресей болып қалса, импорттың басым бөлігі Өзбекстаннан жеткізіледі. Бақша дақылдарын өндіруде Түркістан облысы жетекші өңір ретінде көрсетіледі. (Дереккөз: Energyprom.kz )
Егістік үнем мен пайдаға бейімделді
Кейінгі үш жылда бақша дақылдары алқабының құрылымы өзгерді. Әрине Түркістан, Жамбыл, Қызылордада егіс көлемі азайған, соған қарамастан негізгі өңірлер болып қала береді. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында бақша дақылдарының алқабы көбейді. Оған әртараптандыру жұмыстары мен су үнемдеу технологияларының енгізілуі себеп.
Сұраныс көп болғасын, қарбыз егуге басымдық берілгенін айттық. Қазір еліміздің оңтүстік өңірлері жаз бойғы еңбегінің жемісін көріп жатыр. Егіс алқабының 75 пайызы, яғни 62 мың гектары Түркістанға тиесілі. Нарықтағы қарбыз түгел өзіміздікі. Мамандар нағыз маусым тамыздың ортасында басталады дейді. Тек жол бойында сатылатын қарбыздан сақтану керек. Өйткені ол ауыр металл мен зиянды газды тез сіңіреді. Бұл денсаулыққа зиян.
Ауыл шаруашылығының жалпы құрылымында бақша дақылдарының үлесі 2–3 пайыздай. Шаруаларға қолдау бар. Суармалы жер, тыңайтқыш, техника, тұқым алып, қайта өңдеу инфрақұрылымын жетілдіруге субсидия беріледі.
Менің айтарым осы. Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.