Астананың келбеті қалай өзгереді: Елорданың бас жоспары жаңарды 

Фото: depositphotos.com

Үкіметтің 2026 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен Астана қаласының жаңартылған Бас жоспары бекітілді. Құжатта елорданың 2035 жылға дейінгі даму бағыттары белгіленген, деп хабарлайды «24KZ».

Бас жоспар қаланың алдағы дамуын айқындайтын негізгі құжат. Онда аумақтарды игеру, әлеуметтік нысандарды орналастыру, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыттары қамтылған.

Құжатта үш кезең белгіленген:

бастапқы кезең — 2025 жылғы 1 қаңтар;

бірінші кезең — 2030 жыл;

есептік мерзім — 2035 жыл.

Жаңартылған Бас жоспарды әзірлеу кезінде Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы, қала аумағының қазіргі пайдаланылуы, инженерлік және көлік инфрақұрылымының жағдайы ескерілген. Сондай-ақ елорданың Астана агломерациясымен байланысына мән берілген.

Бас жоспарда қаланың әлеуметтік, демалыс, өндірістік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағыттары айқындалған. Сондай-ақ құжатта аумақтарды пайдалану тәртібі, құрылыс жүргізілетін және игерілмейтін жерлер, резервке қалдырылатын аумақтар мен жер учаскелеріне қатысты мәселелер қамтылған.

Құжатта табиғи және техногендік қауіп-қатерлерден қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту, су нысандарын ластанудан және сарқылудан сақтау, азаматтық қорғаныс пен көлік жүйесін дамыту шаралары да көрсетілген.

Бас жоспардың негізінде қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары, электр, жылу, газ және сумен жабдықтау, кәріз және нөсер су жүйелерін дамыту схемалары әзірленеді. Сондай-ақ көлік схемасы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, тұрғын және өндірістік аумақтарды жаңарту бағдарламалары, қоғамдық кеңістіктер мен көгалдандыру жобалары дайындалады.

Астана халқы 2035 жылға қарай 2,3 млн-ға жуықтайды

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Астанада 1 млн 528 мың адам тұрған.

Бас жоспардағы болжамға сәйкес, 2030 жылы елорда халқы 1 млн 965,5 мың адамға, ал 2035 жылы 2 млн 275 мың адамға жетеді. Сол кезде еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың үлесі қала халқының 59,5 пайызын құрайды деп болжанып отыр.

2025 жылдың басында Астанадағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 36 млн 685 мың шаршы метр болған.

Тағы 33 млн 311 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Оның 15 млн 265 мың шаршы метрі 2030 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Сонымен қатар қаланы одан әрі дамыту үшін ескі және апатты үйлерді, саяжайларды, гараждарды және аз қабатты құрылыстарды бұзу қажет. Бас жоспарды жүзеге асыру барысында жалпы ауданы 1 млн 713 мың шаршы метр тұрғын үй қорын бұзу көзделген. Оның 484 мың шаршы метрі 2030 жылға дейін сүріледі. Бұзылатын нысандардың 95 пайызын жеке үй құрылыстары құрайды.

Астанада қанша мектеп пен балабақша қажет

Халық санының өсуіне байланысты әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік те артады.

2035 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдарда 159 194 орын қажет болады. Бұл қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 206 балабақша салу көзделген.

Жалпы білім беретін мектептерде 2030 жылға қарай 182 423 орын, ал 2035 жылға қарай 256 170 орын қажет болады.

Бас жоспарда 2030 жылға дейін 123 мектеп, ал одан кейін 2035 жылға дейін тағы 55 мектеп салу қарастырылған.

Қаланың экологиялық жағдайы қалай өзгереді

Бас жоспарды жаңарту кезінде 2035 жылға дейін қабылданған шешімдердің қоршаған ортаға әсері де бағаланған.

Астанада ауа сапасына ең көп әсер ететін негізгі факторлардың қатарында автокөлік, жылу энергетикасы, жеке жылу көздері мен коммуналдық-тұрмыстық сектор аталған.

Ауаның ластануын азайту үшін тұрғын үйлер мен коммуналдық инфрақұрылымды газдандыруды жалғастыру, ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті жаңғырту, қоғамдық көлік пен Tarlan Astana жүйесін дамыту және көгалдандырылған аумақтарды көбейту жоспарланған.

Сумен қамту үшін жаңа нысандар салынады

Қала Астана су қоймасы, Қаныш Сәтбаев атындағы канал және Есіл өзені арқылы сумен қамтамасыз етіледі.

Қала өскен сайын су тұтыну көлемі артып, кәріз жүйесіне түсетін жүктеме де көбейеді. Осыған байланысты тәулігіне 210 мың текше метр су өңдей алатын № 4 сорғы-сүзгі станциясын салу жоспарланған.

Сондай-ақ тәулігіне 35 мың текше метр су беретін Нұра жерасты су кен орнын игеру, КОС-2 және КОС-3 тазарту нысандарын, жергілікті тазарту құрылғыларын салу және нөсер суын тазарту жүйесін дамыту көзделген.

Бұдан бөлек, су айдындарының арнасын және түбін тазарту, жағалау аумақтарын ретке келтіру және су экожүйелерін қалпына келтіру жоспарланып отыр.

Қарабидайық су жинақтаушы көлін тазарту мен Нұра және Есіл өзендерінің аралығындағы аумақтарды су басудан қорғауға ерекше назар аударылады. Қаладағы су қоры жерлерінің жалпы аумағы 5,41 мың гектарды құрайды.

Көлік пен әуежайдан шығатын шу да ескеріледі

Астанада шу деңгейіне негізінен автокөлік қозғалысы, теміржол және халықаралық әуежай әсер етеді. Екінші ұшу-қону жолағының іске қосылуы мен көлік желісінің кеңеюіне байланысты қалада шу деңгейі жоғары аумақтар артуы мүмкін.

Сондықтан тұрғын үйлер мен қоғамдық нысандарды орналастыру кезінде шу деңгейіне қатысты шектеулер ескеріледі. Сонымен қатар қоғамдық көлікті дамыту, шу деңгейін төмендету шараларын қабылдау және қаладағы шу деңгейін тұрақты бақылау қарастырылған.

Талдыкөл көлдерінің бір бөлігі сақталады

Қаладағы экологиялық тұрғыдан құнды аумақтардың қатарына Есіл өзенінің жайылма аумағы, Талдыкөл мен Майбалық көлдері, сулы-батпақты алқаптар және Астананың «жасыл белдеуі» енгізілген.

Бас жоспарда Кіші Талдыкөл көлдерінің № 5, № 7 және № 9 учаскелерін сақтау көзделген. Сонымен бірге көгалдандырылған аумақтарды кеңейту және табиғи аумақтар құрылыс үшін алынған жағдайда оның орнын толтыруға бағытталған экологиялық шаралар жүргізу жоспарланған.

Жердің бүлінуі мен су басу қаупін азайту үшін зақымданған аумақтарды қалпына келтіру, көгалдандыру жүйесін дамыту және қалдықтарды басқару нысандарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.

Климаттың өзгеруі де назарға алынған

Астананы дамыту кезінде климаттың өзгеруіне бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайту мәселелері ескеріледі.

Ол үшін газдандыруды жалғастыру, энергия тиімділігін арттыру, қоғамдық көлікті дамыту, «жасыл белдеуді» кеңейту, сулы-батпақты аумақтарды сақтау және жаңбыр мен еріген қар суын басқару жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр.

Құжатта көзделген табиғатты қорғау шаралары жүзеге асырылған жағдайда Бас жоспарды іске асыру қоршаған ортаға елеулі кері әсер етпейтіні көрсетілген.

Астананың жаңартылған Бас жоспарын бекіткен Үкімет қаулысы 2026 жылғы 8 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз