Үндістан Алматы облысына 278 млрд теңге инвестиция салмақ
Алматы облысы мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 24%-ға өсті, деп хабарлайды 24KZ.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толды. Алматы облысы мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді.
Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 30,7 млн АҚШ долларына жетіп, 24%-ға өскен. Қазір облыста Үндістан капиталының қатысуымен 5 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар екі тараптың бірлескен 4 кәсіпорны бар.
Қазіргі таңда өңірде Үндістан инвесторларының қатысуымен жалпы құны 278 млрд теңге болатын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалар нәтижесінде 4 225 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Екі жоба да Қонаев қаласында туризм және білім беру салаларын дамытуға бағытталған.
«Үндістан заманауи технологиялық және индустриялық кластерлерді дамытуда айтарлықтай тәжірибеге ие. Бангалор, Хайдарабад және Ченнай сияқты орталықтар соның айқын дәлелі. Алатау қаласында ірі жобаларды іске асыру және Қонаев қаласын дамыту барысында Үндістанның озық тәжірибесін зерделеп, инжиниринг, цифрлық технологиялар, инфрақұрылым салаларында үндістандық компаниялармен ынтымақтастықты арттыра аламыз деп сенеміз. Біз өз тарапымыздан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Марат Елеусізұлы.
Өз кезегінде Сайлас Тангал екі ел арасында достыққа негізделген берік байланыс орнағанын атап өтті. Оның айтуынша, Үндістан Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі жандандыруға ниетті.
Осы мақсатта биыл наурыз айынан бері Қазақстанға бірнеше ірі іскерлік делегация келген. Олардың қатарында фармацевтика, зергерлік бұйымдар және өнеркәсіп салаларының өкілдері бар.
Алдағы уақытта Қазақстанға тағы бір ірі делегация келеді деп жоспарланып отыр. Сапар қазан айында өтуі мүмкін. Оның барысында үндістандық компаниялар өңірдегі инвестициялық жобалармен танысып, іскерлік кездесулер өткізеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдіріп, алдағы міндеттерді айқындады.