Алматыдағы LRT-нің бірінші кезеңі 2027 жылы іске қосылады
Алматыдағы LRT желісінің бірінші кезеңі 2027 жылдың соңында іске қосылады, деп хабарлайды «24KZ».
Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір Б. Момышұлы және Төле би көшелерінде негізгі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Желі өтетін аумақты дайындау және құрылыс аймағына кіретін инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру жұмыстары қолға алынған.
Б. Момышұлы көшесінде, оның ішінде болашақ депо орналасатын аумақта 39 инженерлік коммуникация қайта орналастырылады. Қазір оның 4-еуі бойынша жұмыс аяқталған. Төле би көшесінде 269 желіні қайта орналастыру қажет болса, оның 34-і бойынша жұмыстар аяқталды. Абылай хан даңғылында тағы 67 инженерлік желіні қайта орналастыру көзделген.
Құрылыс-монтаж жұмыстары қыста да жалғасады. Температура төмендеген кезде топырақты қорғау, бетон құю үшін арнайы технологиялық шаралар қолданылады.
LRT бірінші желісінің бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Б. Момышұлы көшелерінің маңында орналасатын деподан басталады. Одан әрі желі Б. Момышұлы көшесімен Төле биге, Төле би көшесі арқылы шығыс бағытта Абылай хан даңғылына, одан әрі «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-ауысу торабы қарастырылған. Бірінші кезеңі толығымен жерүсті бағытта болады.
LRT пойыздары сағатына 65-70 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Алайда аялдамалар арасындағы орташа қашықтық шамамен 700 метр болғандықтан, пойыздардың орташа қозғалыс жылдамдығы ол кезде азаюы мүмкін.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз