Қазақстанның халал сертификаттау жүйесі Қатарда мойындалды
ҚазСтандарт Қатарда ресми мойындалды. Кәсіпорын халал өнімдерін сертификаттауға уәкілетті органдар тізіліміне енгізілді, деп хабарлайды 24KZ Қазақстан стандарттау және метрология институтына сілтеме жасап.
Бұл қазақстандық өндірушілердің өнімдерін Қатар нарығына шығаруға мүмкіндік береді.
Ақпарат Қатар Денсаулық сақтау министрлігінің Global Partners System жүйесінде жарияланған. «ҚазСтандарт» халал сертификаттау органдарының Authorized List of Halal Bodies ресми тізіміне енді.
Тізімге енгізілу «ҚазСтандарттың» халал өнімдерді сертификаттау саласындағы құзыретін растайды.
Енді отандық азық-түлік өндірушілері Қатарда мойындалған талаптарды ескере отырып, өнімдерін Қазақстанда сертификаттай алады, – деп атап өтті ұйым өкілдері.
ҚазСтандарт халал өнімдерді халықаралық талаптарға сәйкес сертификаттайды. Сонымен қатар ұлттық сертификаттау жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалу аясын кеңейтіп келеді.
Қазір «ҚазСтандарт» Біріккен Араб Әмірліктерінде, Сауд Арабиясы Корольдігінде және Қатарда аккредиттеуден өткен.