Қазақстанда жүк көліктеріне сұраныс артты: импорт 6,5 есеге өскен
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында елге 54,4 мың жүк көлігі әкелінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 есе көп, деп хабарлайды 24KZ energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл жүк көліктері нарығының кеңеюі негізінен шетелден келетін көліктер санының артуына байланысты болды. Бес айда импорт көлемі 54,4 мың бірлікке жетіп, былтырғы көрсеткіштен 6,5 есеге өскен.
Ал отандық өндіріс көлемі керісінше төмендеген. Қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанда 2,4 мың жүк көлігі шығарылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,1%-ға аз. Былтыр осы кезеңде 2,8 мың жүк көлігі өндірілген.
Осыған байланысты ішкі сұранысты қамтамасыз етудегі қазақстандық өндірушілердің үлесі де айтарлықтай қысқарды. 2026 жылдың алғашқы бес айында олардың үлесі 4,2%-ды құрады. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 24,9% болған.
Осылайша, биыл Қазақстандағы жүк көліктері нарығының өсімі негізінен шетелдік жеткізілімдердің артуы есебінен қалыптасып отыр. Ал отандық өндірістің нарықтағы үлесі айтарлықтай төмендеген.