Биыл 25 мың жас жұмыспен қамтылады

Оқу орнын тәмамдап, дипломын қолына енді алған жастар үшін жұмыс табу қиынға соғып жатады.

Ресми еңбек жолына алғаш қадам басу үшін мансап орталықтары «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын ұсынады. Биыл бағдарлама аясында 25 мың қазақстандықты мамандығы бойынша жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Үміткерлерге қандай талап қойылады?

Айдана Қалыш Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының игілігін көрдім дейді. Өйткені еңбек өтілінің болмауына байланысты жұмысқа орналасу да оңай болмаған. Бүгінде Айдана өз мамандығы бойынша мектепте сабақ береді. 

Айдана Қалыш, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Басында жұмысқа кірген кезде маған бөлек тәлімгер берілді. Бастапқы айлар сабақ берген жоқпын. Тәлімгердің жанында жүріп сабақ барысын, жоспарын, жалпы сабақтар қалай жүргізіледі, қандай заманауи әдіс-тәсілдер бар, соның барлығын бірнеше айлар бойы үйрендім. Кейін өзіме класс беріліп, сағат беріліп, өзім де сабақ өткізе бастадым. 5 қыркүйек күні келісім-шартым аяқталады, осы мектепке штатқа орналасамын. 

Кеше ғана оқу бітірген жас маман үшін тәжірибе мен еңбек өтілінің болмауы үлкен кедергі. Бұл тұста «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы тұрғындарға мүмкіндік беріп отыр дейді мамандар. .

Мұхтар Төлеу, ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры:

- Жоба кәсіптік, техникалық және ЖОО соңғы 5 жылда аяқтаған жасы 35 жасқа дейінгі жұмыссыз түлектерге арналған. Жобаға қатысу ұзақтығы 12 айға дейін. 

Биыл 25 мың қазақстандықты «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен қамту жоспарланып отыр. Жас маман бір жыл ішінде тәжірибе жинақтайды, кейін жұмыс беруші қарым-қабілетін бағалап, тұрақты жұмысқа қабылдайды. Бағдарламаға қатысу үшін Enbek.kz порталында тіркелу немесе тұрғылықты мекен-жайы бойынша Мансап орталығына жүгінуі қажет. 

Нұрбике Жігер, Нурсая Эльбрусова