Жасанды бал сатқандар айыппұл төлейді
Араның түр-түрі бізде де бар. Бал да көп. Алайда кейде көпшіліктің таза бал жеп жүргеніне күмәні бар? Бұған себеп те жоқ емес.
Елде қолдан бал жасаушыларға тықыр таянды. 20 тамыздан бастан бал шаруашылығына қатысты заң талаптары күшейді. Енді әр омарта есепке алынады. Сондай-ақ омарташы әрқайсына ветеринария төлқұжатын алуға міндетті. Сөйтіп, отандық бал өндірісін де цифрландырамыз. Ал одан ұтарымыз не? Сонымен қатар бұл үдеріс қалай жүзеге асады?
Бал еместі бал деп сатқандар айыппұл төлейді. Елде қолдан жасалған бал сатуға тыйым салынады. 20 тамызда «Ара шаруашылығы туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Құжатта алғаш рет балдың нақты ресми анықтамасы көрсетілген. Оны елемей, қант шәрбатынан жасалған тәттіні нарыққа шығаратындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл көлемі 360 АЕК. Яғни биыл 1 млн 557 мың теңге. Тәртіпке бағынбағандардың өнімі тәркіленуі де мүмкін. Осылайша, нарықтағы адал шаруаларды қолдау көзделеді. Ал тұтынушы сатушыдан өнім жайлы ветеринариялық қорытынды, Кеден одағының қауіпсіздік стандартына сәйкестік декларациясын және арнайы рұқсат талонын талап етуге құқылы.
Омарташыларға «паспорт» беріледі
Бұған қоса, ара шаруашылығына мемлекеттік бақылау күшейеді. Омартаға ветеринария төлқұжатын алу қажет. Бұл есепке алуды оңтайландырады. Әрі түрлі аурудың алдын алу мақсаты ескерілген. Өкінішке қарай, ара дерті оның жойылуына әкелетін фактор. Ұлттық омарташылар одағы былтыр бірқатар өңірде ара отбасыларының түгелдей қырылып қалғанын алға тартты. Соның салдарынан басқа шаруашылықтар да зардап шеккен. Өйткені ара тозаңы жеміс-жидек, майлы дақылдар, көкөністердің өнімділігін арттырады. Ал келген шығынды дәлелдеу үшін «ветеринария төлқұжатының» маңызы зор.
Сергей Петров, «Бал-ара» Ұлттық омарташылар одағының вице-президенті:
- Көктемде омарташының нақты қанша ара отбасымен шыққанын және олардың сау екенін ветеринар растайды. Мәселен, жол полициясы тоқтатып, құжат сұраса, осы ветеринарлық паспорт жүктің заңды екенін және омартаның дәл осы омарташыға тиесілі екенін дәлелдейді. Сондай-ақ ара өнімдерінің қауіпсіздігін растау және мемлекеттік қолдау алу да осыған байланысты жүзеге асады. Демек бұл құжат омарташылар үшін тек игілік әкеледі және бұл ереже омарташылардың өз өтініші бойынша енгізілді.
Араны көбейтуге басымдық беріледі
Заңға алғаш рет асыл тұқымды аналық ара, асыл тұқымды ара ұясы, аспаптық ұрықтандыру пункті сияқты ұғымдар енгізілді. Яғни елде ара селекциясын жүйелі түрде дамытуға басымдық беріліп жатыр. Бұл омарташының жұмысы да ресми тіркеледі деген сөз.
Бал шаруашылығы цифрланып жатыр
Оның үстіне бал шаруашылығын цифрландыру басталды. Тіпті арнайы платформа іске қосылды. Оны Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының ғалымдары жасаған. Бірыңғай цифрлық жүйе арқылы ара селекциясын дамытып, омарталарды тиімді басқару көзделеді. Жоба авторлары ара ұяларының тарихын біліп, ахуалды жедел тіркеп отыруға, селекцияны бағалауға, ғылыми талдау жүргізуге, жалпы омартадағы процестерді бақылауға мүмкіндік жасаған. Қазір платформаны 200-ден аса шаруа қолданады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі:
- Платформаның басты ерекшелігі – әрбір ара ұясына бірегей сәйкестендіру нөмірі мен QR-код беріледі. Соның арқасында омарташылар ара ұясы туралы толық ақпаратқа жедел қол жеткізеді, жүргізілген тексерулер мен басқа да мәліметтер бірыңғай ақпараттық жүйеде сақталады. Платформа пайдаланушылар үшін тегін. Жұмысты бастау үшін ара шаруашылығын жүйеде тіркеу жеткілікті.
Ғалымдар әлемдегі өсімдіктердің 80%-ы жәндіктер арқылы тозаңданатынын айтады, оның ішінде араның орны ерек. Ара азайса, өзге ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі түсіп қоймай, тұтас экожүйе бұзылады. Оған жол бермеу керек. Сол себепті бал шаруашылығы ерекше назарда.
Елде кейінгі жылдары ара отбасыларының саны айтарлықтай тұрақты сақталып келеді. Ресми 241 000 ара отбасы тіркелген екен. Осы көрсеткішті сақтауға мемлекеттік қолдау мен субсидиялар да ықпал етіп отыр. Арнайы жол картасы бал өндірісін арттыруға септесті. Жылына 5 мың тонна тәтті өнім өндіреміз. Отандық балға әлемдік сұраныс артып жатыр. Былтыр экспорт екі жарым есе өскен. 1,5 млн долларға шамамен 1,5 мың тонна бал саттық. Дәл қазір елде 12 мыңнан аса омарташы бар. Цифрландыру үдерісі олардың жұмысын жүйелеуі тиіс. Ең бастысы, тұтынушы да табиғи таза бал жейтініне сенімді болады.