Оңтүстіктегі электр тапшылығы азая ма? Жаңа желілердің мүмкіндігі қандай
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр желілерінің өткізу қабілеті 440 МВт-қа артады. Бұған 500 кВ «Шу – Жамбыл» және «Жамбыл – Шымкент» электр беру желілерінің іске қосылуы мүмкіндік бермек, деп хабарлайды «24KZ».
Энергетика министрлігі мен «KEGOC» ұлттық электр желісін күшейтуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр. Жаңа желілер іске қосылғаннан кейін «Солтүстік – Оңтүстік» транзитінің «Алматы – Жамбыл» қимасындағы өткізу қабілеті 440 МВт-қа ұлғаяды.
Бұл оңтүстік өңірлерді электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, электр энергиясына сұраныстың өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа желілік қуаттар жүктемені тиімді бөлуге, желідегі шектеулерді азайтуға және жаңа генерация көздерін электр жүйесіне қосуға жол ашады.
Жобаны 2027 жылдың ортасында аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар Батыс Қазақстанның энергия жүйесін елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен байланыстыратын 500 кВ «Өлке – Қарабатан» электр беру желісі салынуда. Ол Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы электр станцияларының қуатын берудің мүмкіндіктерін кеңейтіп, Батыс өңірдің энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл жобаны да 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Аталған жобалар Қазақстанның ұлттық электр желісін күшейтіп, өңірлерді тұрақты электрмен жабдықтауға және энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруға бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз