Үкімет 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасын мақұлдады
Үкімет 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Премьер-министрдің айтуынша, бюджет қаражатын барынша тиімді әрі уақтылы пайдалану, ағымдағы шығыстардың ұлғаюына жол бермеу және шығыстарға қатаң бақылау орнату маңызды.
Экономикалық өсім бойынша бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. 7 айда экономиканың өсуі 4,1% болды. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің кемінде 5% өсімін қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, республикалық бюджет туралы заң жобасы халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және экономикалық өсімді ынталандыру міндеттерін шешу кезінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау қажеттілігін ескере отырып әзірленген.
2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу. Барлық мемлекеттік органдарға еліміздің белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Премьер-министр.
Ол бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жұмсалған әрбір теңгеден түсетін табысты арттыруды тапсырды. Ресурстар мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адам капиталын дамытуға бағытталуы тиіс.
Отырыс қорытындысы бойынша Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Үкімет аппаратымен бірлесіп заң жобасын Құрылтайға енгізу тапсырылды.
Құжатты үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз