Орталық Азияның цифрлық сауда алаңы

Қазақстан Орталық Азия елдерімен сауда-саттықты нығайтады. Ол үшін ауыл шаруашылығы саласындағы тауарөндірушілерге арналған жаңа электронды сауда алаңы іске қосылды.

Онда бауырлас мемлекеттердің кәсіпкерлері өзара серіктестер тауып, келісімшарттарды онлайн рәсімдей алады. Тіпті жүк тасымалдау және қоймада сақтау қызметтері де қолжетімді болады. 

Орталық Азия елдері үшін агроөнімдер сататын цифрлық сауда алаңы пайда болды. Енді әрбір компания өкілдері бұрынғыдай алыстан ат арылтып келіп, серіктес іздеудің қажеті жоқ. Бар болғаны Агромаркет.азия платформасына өз тауарларын сатылымға қойса, жеткілікті. Ал сатып алушы өз талаптары мен сұраныс көлеміне қатысты хабарландыру да жариялай алады. Жаңа маркетплейсте ауыл шаруашылығы саласындағы тауарөндірушілермен қатар, логистикалық компаниялар, екінші деңгейлі банктер, делдалдар мен қойма жалға берушілер бар. Яғни, келісім жасаудан бастап, төлем жасау, тауар сату, оны тасымалдау, сақтау және тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралық бір ғана платформада жүзеге асырылады.

Әсем Жақанова, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының бизнес талдаушысы:

- Қазақстанның түрлі тауарларын орналастыруға болады. Бізде ондай шектеулер жоқ. Бидай өнімдерін, көкөністер, жеміс-жидектер, т.б. тауарларды сатуға болады. Қазақстанның қатысушылары үшін бізде мәмілелердің белгілі бір дайын үлгілері орналасқан және олардың бәрін енгізіп, өндірушілер мен сатып алушылар ЭЦҚ арқылы қол қойып, электронды түрде келісімшарт енгізіледі.

Қазақ - тәжік кәсіпкерлері келісім жасады

Бұл жоба Орталық Азия елдерінің өзара сауда байланысын одан әрі нығайтуға және тауар тасымалын жеделдетуге арналған. Жаңа платформаға алғаш болып Қазақстан мен Тәжікстан кәсіпкерлері өз өнімдерін шығарды. Бауырлас елдің жеміс өндіретін шаруа қожалығы мен отандық онлайн супермаркеті арасында жүзім жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар елдегі ең ірі көтерме сауда базарына агроөнім түрлерін жеткізуге уағдаласты. Қол қойылған келісімшарттардың жалпы сомасы 1 млн АҚШ долларынан асады. Тараптар алдағы уақытта өнім түрлері мен көлемін арттыруға ниетті. Жақын арада маркетплейске Өзбекстан мен Қырғызстан, кейін Қытай кәсіпорындары қосылады.

Әсем Жақанова, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының бизнес талдаушысы:

- Өндірушінің тауары пайда болғаннан бастап, тауардың сөреге жеткенге дейінгі делдалдарды азайтамыз. Соның арқасында шығыны да азаяды және уақыты да азаяды. Қазірге кезде Қазақстан мен Тәжікстанның өндірушілері өздерінің тауардарын орналастырып жатыр. Біздің жоспарымызда Қырғызстан мен Өзбекстанның өндірушілерін қосу және басқа да шетелдік нарықтарды, Пәкістан, Италия нарықтарына шығу.

Орталық Азиямен сауда көлемі 28 пайызға өсті

Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда көлемі артып келеді. Биыл қаңтар-мамыр аралығында тауар айналымы 4,2 млрд долларға жуықтады. Бұл былтырғы дәл осы кезеңдегіден 28 пайызға көп. Ең ірі сауда серіктесіміз - Өзбекстан. Ала шапанды ағайынмен алыс-беріс көлемі 2,3 млрд долларға жетті. Одан кейін Қырғызстан тұр. Айырқалпақты ағайынмен 1 млрд долларға сауда жасалған. Ал Тәжікстанмен тауар айналымы 615 млн доллар болса, Түркіменстанмен арадағы сауда-саттық көлемі 215 млн доллар ғана болды. Орталық Азиямен тауар айналымының басым бөлігі, яғни, 3,2 млрд доллары қазақстандық тауарөндірушілерге тиесілі. Соның ішінде бидай үлесі ұлғайды. Бес ай ішінде бұл аумақтағы елдер бізден 639 млн долларға бидай сатып алды. Сонымен қатар күнбағыс майы, алтын, болат өнімдері мен ұнға да сұраныс арта бастады.

Орталық Азия елдерімен сауда-саттық

2026 ж. қаңтар-мамыр

Өзбекстан - $2,3 млрд

Қырғызстан - $1 млрд

Тәжікстан - $615 млн

Түрікменстан - $215 млн

Дайын өнімдерге сұраныс артты

Орталық Азия Қазақстан үшін жай ғана көрші нарық емес, өңделген және дайын өнімдерді сататын негізгі бағыттардың біріне айналды. Бүгінде біздің елден шетелге сатылатын дайын өнімдердің 40 пайызы дәл осы аймаққағы мемлекеттерге жөнелтіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: