Шымкентте өндірістік парк ашылды
Шымкентте өнеркәсіптік парк ашылды.
Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған индустриялық аймақта жалпы құны 16 млрд теңге болатын түрлі жоба жүзеге асады. Кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы нақты қолдау көрсетіледі.
Мұхаммед Али Аййылдызға жаңа индустриялық парктен 5 мың шаршы метрден астам ғимарат жалға берілді. Айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында құрылыс машақатынан құтылып, бірден өндірістік желіні іске қосуға күш салған. Қазір кәсіпорында полиэтилен және пластик өнімдері шығарылады.
Мұхаммед Али Аййылдыз, өндіріс басшысы:
- Қазір мына зданиялар кең, рахат. Әрине біз үшін жақсы. Жалпы келіп сразу оборудованиелерді қойып, іске қосып зат шығарған жақсы бізге. Чем басқа жаққа шығындалғаннан.
Индустриялық кешен қала экономикасын әртараптандыруға оң әсерін тигізді. Мұнда медициналық бұйымдар, жиһаз және газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орындары іске қосылды. Бәсеге қабілетті техникалық және инженерлік мамандарға сұраныс артты.
Бақытжан Социалов, қойма меңгерушісі:
- Жұмыстың автоматтандырылғаны біраз жұмысты жеңілдетеді. Бұл жерде бізде Қытайдан келген үш инженер жұмыс істейді. Ертең өзіміздің оңтүстіктің адамдарына жұмыс орны болады. Осы кісілер барлық нәрсені үйретеді. Ертеңгі күні өзіміздің арамыздан инженерлерді шығаруға мүмкіншілік беріп отыр ғой.
Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында жыл соңына дейін осындай тағы екі индустриялық парк ашылады. Нәтижесінде 200-ден астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазір инвесторлар мен кәсіпкерлер арасында өзара келісімшарт жасалып жатыр.
Үсен Исаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Шымкент қаласында осындай үш шағын өнеркәсіп аймақтары іске асырылды. Жалпы аумағы 41 мыңнан аса шаршы метр. 10 жыл, 20 жылға тұра ма!? 5 жылға тұра ма әр кәсіпкер өз жобасының іске асырылуына орай келісім-шартқа тұрады. Кез келген өнімді шығару мүмкіндіктері қарастырылған. Сонда экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағдарлама аясында инвесторлар Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несие алды. Бұл қолдау бизнес өкілдерінің белсенділігін арттырып, толық технологиялық тізбек құруға мүмкіндік береді. Жалпы биыл 30-ға жуық жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов