Базардағы контейнерлер алып тасталады
Елде ішкі сауда көлемі тұрақты өсіп келеді. Биыл бес ай ішінде 20 трлн теңгеге жуықтап, былтырғыдан 6,5 пайызға артып отыр.
Сауданың негізгі ордасы базарлар десек, дәл сол нысандарды жаңартуға басымдық берілген. Былтыр бағдарлама аясында 100 базарды жаңарту жоспарланған. Алайда кейбір кәсіпкерлер кестеден кешікті. Оларға ескерту берілді. Енді жобаларын биылдан қалмай аяқтауға міндетті.
Базардағы контейнерлер жойылады
Базарда контейнерлерді енді сауда орыны ретінде қолдануға болмайды. Саланы жаңғырту бағдарламасына енген нысандар мұндай ескі материалдардан арылып, жаңа кейіпке енуге тиіс. Алдымен Ұлттық статистика бюросының мәліметіне көз жүгіртейік. Елде 588 базар тіркелген. Солардың 366-сы әмбебап болса, қалғанында белгілі бір тауар түрі ғана сатылады. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтін сауда орындары кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Салалық министрліктің мәліметіне қарағанда, 2021-2024 жылдары аралығында 156 базар жаңа кейіпке енген. Ал былтыр тағы 100 нысан жаңғыртылуға тиіс еді. Алайда 33 кәсіпкер ғана өз міндетін орындаған. Бағдарлама негізінде контейнерлер жойылып, сатушылар мен тұтынушыларға қолайлы орын берілуі керек. Сонымен қатар санитарлық талаптарға сай жабдықталып, электронды төлем және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылуға міндетті.
Жеңісбек Ахметов, облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:
- Темір контейнерлер құрылыс заңдылығына сәйкес келмейді. Яғни олар тұтынушыларға қолайлы жағдай туындатпайды. Қыста салқын болады іші. Сатушының да жағдайы болмайды. Сондықтан сатушыға да, тұтынушыға да қолайлы болу үшін контейнерлердің бәрі алынып тасталады. Оның орнына заманауи құрылыс материалдарымен, яғни сендвич панельмен, пластикпен құрылып, жасалу керек.
ЕЛДЕГІ БАЗАРЛАР
БАРЛЫҒЫ 588
ӘМБЕБАП БАЗАР 366
АРНАЙЫ БАЗАР 222
БАЗАРЛАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ
2021 ж дейін 84
2021 ж 4
2022 ж 33
2023 ж 19
2024 ж 16
2025 ж 33
Биыл 58 базар жаңартылуы тиіс
Былтыр жаңарту жұмыстары жүргізілмеген базарларға оралайық. Кәсіпкерлер тиісті міндеттерінен құтылып кете алмайды. Оларға ескерту берілді. Енді жобаны биыл қалай да толық аяқтауға тиіс. Атап айтқанда, 58 базар жаңғыртылады. Қалғаны тізімнен шығарылды. Өйткені кәсіпкерлердің кейбірі базар аумағын басқа мақсатқа қолдануға көшкен. Ал кейбірінің жер телімі арнайы қорғау аумақтарына кіретіні анықталған. Елдегі ірі базарлардың көбі Алматы облысында орналасқан. Бағдарлама шеңберінде былтыр өңірде 10 базардың екеуі ғана жаңғыртылған. Бесеуінде құрылыс жұмыстары енді басталды. Қалған үшеуінің иелері әлі асығатын емес. Тіпті кейбірі жаңғырту талаптарымен келіспей, жергілікті атқарушы органды сотқа да берген.
Жеңісбек Ахметов, облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:
- Қонаев қаласының "Алға" базарына біз тексеру тағайындап, нұсқама бердік жылдың соңына дейін бітіретін қылып. Олар келіспей, біздің актімізді, әкімшілік хаттамамызды сот органдарына берді. Сотта қаралды. Сотта біздің жасаған жұмысымыз жеңіп, оларға модернизация жасауға жүктеп берді. Сол сияқты Талғар қаласында басталмаған базарлар бар.
Ішкі сауда көлемі өсті
Ішкі саудада тұрақты өсім байқалып тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, биыл қаңтар-мамыр аралығында көтерме сауда көлемінің өзі 20 трлн теңгеге жуықтады. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға көп. Бөлшек сауда да қызып тұр. Бес ай ішінде оның көлемі 4 пайызға жақын өсіп, 9 трлн теңгеге жетті. Сауда көлемі бойынша жетекші өңірлер қатарында үш мегаполис пен Атырау, Қарағанды облыстары тұр.
Дүкендер отандық өнім үлесін арттыруы тиіс
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, салада қосымша құқықтық өзгерістер әзірленген. Дүкендегі әрбір тауар санатында отандық өнім үлесі болуы керек. Сондай-ақ ең негізгі сөрелерге орналастырылып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен таңбаланады. Отандық электрондық сауда алаңдарына да талап күшейді. Ондағы сауда желілері отандық өндірушілермен шарт жасасудан енді негізсіз бас тарта алмайды.