Шетелдік тауарларға жаңа талаптар енгізіледі

Жыл басынан бері елде 40 мың шаршы метр сапалы қойма пайдалануға берілді.

Бірақ сұраныс әлі де көп. Өйткені сауда, импорт, логистика және электронды коммерция дамып келеді. Қазір бөлшек саудадағы электронды тауар айналымының үлесі 14% шамасында. Онлайн сауданың 86 пайызын маркетплейстер қамтиды. Демек нарықты бірқатар өзгеріс күтіп тұр.

Шетелдік тауарларға жаңа талаптар енгізіледі

Келер жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде Temu, AliExpress, iHerb сынды шетелдік маркетплейстерден алынған тауар үшін баж салығы енгізіледі. Егер  өнім құны 200 еуродан асып кетсе, 5 пайыз мөлшерінде алым салынады. Бұдан бөлек, Қазақстанда мұндай тауарлар үшін 16 пайыз қосылған құн салығын төлеу керек. Тауар бағасы 200 еуродан аспаса, баж салығы сұралмайды. Негізі жаңашылдық осы жылдың ортасында енуі керек ед. Бірақ тиісті ратификациялар кешіккені үшін 2027 жылдың 1 қаңтарына шегерілді.

Шетелдік маркетплейстерде жеке тұлғалар сатып алатын өнімдер «электрондық сауда тауарлары» деген санатқа жатқызылады. Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа өзгерістерден кейін сатып алушының атынан декларацияны сіз емес, электрондық сауда операторлары рәсімдейтінін айтады. Онда мыңға тарта тауар туралы мәлімет көрсетуге болады. Сондай-ақ 31 келілік салмақтық шек алынып тасталады. 200 еуроға дейінгі тауарды бажсыз әкелуге құқылысыз. Ал дәл қазір мұндай тауарларды алымсыз әкелу лимитінен асқан сомаға 15% мөлшеріндегі бірыңғай төлем қарастырылған. Мамандар жаңа ереже интернет-сауданы реттеу үшін қажет дейді. Ең алдымен жеке пайдалану үшін сатып алынған тауар деп көрсетіп, коммерция мақсатында әкелетіндердің жолын кесу көзделеді. 

Онлайн-саудаға бақылау күшейеді

Шетелден бір мысал келтірейін. Еуропаға Қытайдан келетін арзан тауар ағыны 40 пайызға азайды. Бұған Одақтың құны 150 еуроға дейінгі сәлемдемелердің әр тауар санатына 3 еуро көлемінде баж салығын енгізуі себеп. Бастапқы мақсат кеден қызметіне түсетін жүктемені азайтып, тауар сапасы мен қауіпсіздігін арттыру еді. Кедендік тәртіпке сәйкес Еуропаға кіретін әрбір зат бойынша электрондық бақылау деректері ұсынылуы керек. Былтыр бұл нарыққа 6 млрд арзан тауар, яғни күн сайын 16 миллионнан астам сәлемдеме жеткізілген. Тексеру нәтижесінде импорттық өнімнің 70%-ы Еуропаның қауіпсіздік талаптарына сәйкес болмай шықты. Құрамынан улы компоненттер анықталған. Осылайша, ЕуроОдақ 2028 жылға дейін кеден жүйесін реформаламақ. Жоспарға сай, қарашада сәлемдемелерді өңдеуді қаржыландыруға арналған қосымша алымдар енгізілуі мүмкін.

Лора Клейс, Testachats тұтынушылар ұйыының өкілі:

- Халықаралық онлайн-сауда тұтынушыларға әлдеқайда қолжетімді. Алайда Еуропалық Одақ нарығына шығарылатын кез келген тауар қауіпсіздік талаптарына, тұтынушылардың құқықтарын қорғау қағидаларына және экологиялық стандарттарға сәйкес болуға тиіс. Біздің мақсатымыз – Еуропаға жеткізілетін өнімдердің Еуропалық Одақ аумағында өндірілген тауарлармен бірдей талаптарға сай болуын қамтамасыз ету.

Қоймаларға сұраныс артты

Иә, қазір онлайн сауданың қызып тұрғаны рас. Ал елде қойма жетіспей жатыр. Бүгінге дейін 2 млн шаршы метрі қамтылған. Құрылыс қарқындаған сайын, сұраныс та еселеп артады. Жарты жылда елде 40 мың шаршы метр сапалы қойма пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 100 мың шаршы метрден астам жаңа алаң енгізіледі. Мамандар құрылыс құны да 1,5 есе өскенін айтады. Ал заманауи қоймаға талап күшті. Лайықты инфрақұрылым, көліктердің қолжетімділігі, инженерлік мүмкіндіктер және цифрлық интеграция қажет. Яғни А және В+ санатындағы нысандарға қызығушылық көп. Оның дені Алматы мен Астанада шоғырланған. Өңірлерде бұл мәселе өзекті. Өйткені, инвестор тарту оңай болмай тұр.

Нияз Дайырбаев, Кәсіби жылжымайтын мүлік нарығы бойынша сарапшы:

- Қоймалар экономикалық жағынан өте тиімді. Бірақ 2-3 жыл бұрын инвестор сол қоймаға ақшасын салып, 6-7 жылдан кейін ол ақшасын қайта алуға мүмкіндігі болған, бүгінгі күнде сондай мерзім жоқ деп айта аламыз. Бірақ ол қойма нарығының спецификасына ғана емес, жалпы экономикалық жағдай да соған байланысты деп ойлаймыз.

Қалай дегенмен де, тиісті санаттағы қоймалардың үлесі артуы керек. Себебі трансшекаралық логистикалық хабтар дамып жатыр. Электронды сауда да қарқынды. Үш жылда оның үлесі 50%-дан асқан. Ендеше уақытша сақтау қоймаларына сұраныс азаймайды. 

Сондай-ақ оқыңыз: