Бизнеске артылатын жүктеме азайды

Кәсіпкерлердің өрісін кеңейту үшін заңнамаларды ұғынықты етіп, қағазбастылық пен артық талаптан арылту қажет.

Халыққа арналған жолдауында Президент осындай тапсырма берген еді. Өз ісін бастағандар күш-жігерін бюрократиялық кедергімен күреске емес, жеке ісін дамытуға жұмсау керегін де ескерткен болатын. Содан бері не өзгерді?

Сәния Ирсалиеваның өз ісін бастағанына ширек ғасырға жуық уақыт болды. Ол 25 жылдан бері Астанадағы баспаханасын басқарып келеді. Экономикалық дағдарыс, пандемия сияқты небір қиындықты басынан өткерген. Бизнеске жасалған талай кедергілерді көрген кәсіпкердің айтуынша, бүгінде жеке ісіңді жүргізу анағұрлым жеңілдеген.  

Сәния Ирсалиева, кәсіпкер:

- Жағдай жыл сайын жақсарып жатыр. Себебі 20-30 жыл бұрын қандай да бір ақпараттық қолдау, оқыту курсы болмаған еді, бизнесті жүргізу қиын болды. Тіпті салық органында есеп тапсыруға ұзын сонар кезекке тұрғанымыз есімде. Қазір бәрі электронды форматта жүргізіледі. Цифрландыру жолға қойылған, жұмысшы жалдауға арналған «Еңбек» платформасы мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Әлбетте кәсіпті дөңгелету біршама жеңілдеген. Бизнесті тіркеу, есеп тапсыру, кәсіпкерлік субъектісі жабу, бұның бәрі онлайн жасауға болады қазір. Бұл өте ыңғайлы. 

Бүгінде кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлығы онлайн ұсынылады. Мәселен, салық органдары 40 түрлі қызмет көрсетсе, оның 37-сі толықтай автоматтандырылған. Тіпті екінші деңгейлі банктердің цифрлық жүйелерінде салық төлеу, есеп тапсыру, анықтама алу сияқты 20-дан астам қызмет қолжетімді. Жыл басынан бері 8 айда осындай 8 млн-ға жуық онлайн мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. 

Думан Қансеитов,  ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының жетекшісі:

- Бұрын, мысалы, салық есептілігін тапсырмаса біз оларға хабарламалар жіберетінбіз, әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша айыппұлдар салатынбыз, банк шоттарын бұғаттайтынбыз. Қазір ол процестердің бәрі алынып тасталды. Салық төлеушілерге едәуір жеңілдік пайда болды. Екінші деңгейлі банк жүйелерінде мысалы ол сервистерді біз жасап жатырмыз. Мысалы, салық төлеуші тіркеліп жатқан кезде, оған сұрақтар автоматты түрде қойылады. Қосымша құн салығына тіркелу керек пе, қандай да бір салық режимін таңдау керек, салық сомасы қандай, оларды қашан төлеу керек – сол сұрақтардың бәріне біз алдын ала пуш хабарламалар жіберіп отыратын боламыз.  

Сонымен қатар елдегі кәсіпті ширату мақсатында мемлекеттік қолдаудың түрлі тетігі қарастырылған. Мәселен, былтыр «Даму» қоры арқылы 560 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 13 мыңға жуық шағын және орта бизнес қолдау қаржыға ие болды. Оларға бөлінген несиенің жалпы көлемі 2 трлн 200 млрд теңгеге жуықтайды. Осылайша елде 15 мыңға тарта жаңа жұмыс орны құрылыпты. Ал кәсіпкерлер өздігінен шеше алмайтын, күрмеуі қиын түйткілдерді «Атамекен» ұлттық палатасы арнайы тізілімге тіркейді. Дені ауыл шаруашылығы, құрылыс, мемлекеттік сатып алулар, логистика және көлік саласына қатысты.

Динара Ақынбекова, «Атамекен» ҰКП бизнесті реттеу департаментінің атқарушы директоры:

- Мемлекеттік қолдау бойынша мәселелер көтеріледі. Мемлекеттік сатып алуда, мысалы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруда процедуралардың бюрократиялық жақтары көтеріледі. Сонымен қатар құрылыс саласында белгілі бір инженерлік желілердің қуаттылығына қатысты ақпараттың жоқтығы жеген сияқты мәселелер көтеріледі. Отандық өнім өндірушілердің көтеретін сұрақтарының бірі, ол жергілікті нарыққа шығу мәселелері көтеріледі.  

Қазіргі таңда кәсіпкерлерден 1357 шағым тіркелген. Оның 70 пайызы шешімін тапқан мәселелер. Қалғандары тиісті органдардың қарауында. Жалпы Қазақстанда ұзын саны екі млн-нан астам шағын және орта кәсіп бар. Жеке секторда жұмыс істейтіндер саны - 4,5 млн. Мемлекет экономикадағы үлесі салмақты саланы дамыту мақсатында  қолдауды әрі қарай жалғастырмақ. Бұл ретте тиісті заңнаманы одан әрі нығайтып, бизнеске артылар жүктемені азайту көзделген. 

Бақыт Топтаева, Мұрат Әрипханов

Сондай-ақ оқыңыз: