3,7 млрд долларлық 60 келісім: Қазақстан мен Жапония өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуде
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Кенжи Ямадамен кездесті. Кездесу барысында екі ел инвестициялық өзара іс-қимыл мен өнеркәсіптік кооперация саласындағы әріптестікті одан әрі дамытуға уағдаласты, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Токиоға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды. Тараптар барлығы $3,7 млрд-тан астам соманың 60 коммерциялық келісіміне қол қойды, оның ішінде өндіріске озық жапониялық технологиялар мен шешімдерді енгізуге бағытталған шарттар да бар.
Қазақстан Жапониямен стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайды. Соңғы жылдары экономика, өнеркәсіп және инвестициялар салаларындағы қарым-қатынасымыз айтарлықтай нығайды. Бүгінде өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы сомасы шамамен $940 млн болатын 17 бірлескен жоба іске асырылуда, оның 10-ы сәтімен пайдалануға берілді. Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары белсенді түрде пысықталуда. Біз барлық инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты әріптестікті одан әрі дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.