Көлік саласына 57 мыңға жуық маман қажет
Көлік саласында жұмыс істейтін мамандар саны 870 мыңға жуықтады. Бұл – елдегі әрбір оныншы еңбек адамы осы салада жұмыс істейді деген сөз. Соңғы жылдары саланың қарқынды дамуына байланысты тағы 57 мыңға жуық маманға қажеттілік туындаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрдің айтуынша, қазір мамандарға сұраныс автомобиль және теміржол көлігінде, жол құрылысы мен логистика саласында жоғары. Әсіресе машинистер, жүргізушілер, техниктер мен инженерлер, логистика мамандары, ұшқыштар мен авиадиспетчерлер, кеме капитандары және механиктер қажет.
Көлік саласына жастарды тарту үшін бірқатар шара қолға алынған. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өткізіліп, кәсіби бағдар беру және өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері ұсынылады. Бұл студенттерге оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Қазір көлік саласына мамандарды 37 жоғары оқу орны мен 47 колледж даярлайды. Білім алып жатқан студенттердің жалпы саны 44 мыңға жуық. Оның 28 мыңнан астамы мемлекеттік грант негізінде оқып жатыр.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, негізгі міндет – еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау және саланың болашақтағы сұранысын алдын ала ескеру.
Технологияның дамуы мен цифрландыруға байланысты көлік саласында 31 жаңа мамандыққа қажеттілік туындаған.
Мәселен, автожол саласында BIM-технологиялар бойынша цифрлық жобалаушылар, «ақылды жолдар» мамандары және құрылыс роботтарын басқару операторлары қажет. Теміржол және логистика саласында цифрлық логистер мен автоматика мамандарына сұраныс артып отыр.
Ал авиация саласында жасанды интеллект технологияларын қолданатын авиадиспетчерлер, әуе қозғалысын басқаруға арналған AI-жобалаушылар және ұшқышсыз әуе техникасының операторлары қажет.
Осы мамандықтарға сұраныстың артуына байланысты білім беру бағдарламаларын жаңарту жоспарланып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз