Елімізде электромобильдер сертификатталады

Елдегі техникалық мамандардың білім-біліктілігін заман талабына сай арттыру да өзекті мәселе. Өйткені уақыт озған сайын технология да көз ілеспес жылдамдықпен ілгерілеу үстінде.

Мәселен, елде электромобильдер саны жылдан жылға артып келеді. Ал оны жөндейтін жергілікті мамандар аз. Сол себепті Өскеменде арнайы мамандандырылған орталық өз жұмысын бастады. Онда Қытайдың автомобиль холдингтерінің жетекші мамандары жергілікті инженерлерге электромобильдерді жөндеп, диагностикалауға үйретіп жатыр. 

Қазақстанда электромобильдер трендте. Қазір еліміздегі мұндай техниканың саны 24 мыңнан асады. Тіпті соңғы бір жылда 56 пайызға өскен. Жергілікті ғалымдар пилотсыз машиналарды қуатты электр қозғалтқыштарында сынап жатыр. Бірақ білікті маман тапшы. Сондықтан қытайлық инженерлер қазір жергілікті мамандарды арнайы оқудан өткізуде. Теориялық білімдерін, практикалық тұрғыда ұштайды.

Ян Миао, ҚХР автомобиль концернінің инженері:

- Иә, бұл жерде біз жергілікті инженерлерді оқытып жатырмыз. Сіздің мамандарыңыз техниканыны жақсы меңгеруде. Біз олардан әмбебап маман жасағымыз келеді. Яғни мамандар электромобильдерді жөндеп қана қоймай, оның ақауларын дәл анықтай алу керек.

Жаңа технологияларды меңгеріп жүрген шәкірттердің қатарында техника ғылымдарының кандидаты, профессор Мұрат Мұздыбаевта бар. Ол Қытайдан келген инженерлердің дәрісін мұқият тыңдап, санасына сіңіріп алады. Кейіннен қазақстандық машина жасаушылар ТМД және Орталық Азия елдерінің қызметкерлерін оқытатын болады.

Мұрат Мұздыбаев, профессор, техника ғылымдарының кандидаты:

- Бұл өте маңызды іс. Өйткені қазір елімізде білікті кадр тапшы. Сондықтан біз бар ынтамызбен оқып жатырмыз. Мұнын ертең пайдасы тек бізге ғана емес, елімізге тиеді деп ойлаймын.

Сарапшылардың сөзінше, 2035 жылға қарай әлемде электромобильдер саны 6 есеге дейін көбейеді. Былтыр электр машиналарға әлемдік сұраныс 20 пайызға өсті. Биыл да электробильдердің сатылымы артқан. Сондықтан осы техникаға қызмет көрсету саласы олардың қажеттілігін ескере отырып жетілдіріледі.

Авторлары: Абзал Азамаұлы, Вячеслав Ветлугин

Сондай-ақ оқыңыз: