Қазақстанда 105 мыңнан астам бос жұмыс орны бар: ең жоғары жалақы қанша?
Қазақстанда еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің белсенділігі жоғары деңгейде сақталып отыр. Электрондық еңбек биржасында қазір 105 мың 907 өзекті бос жұмыс орны бар, деп хабарлайды «24KZ».
Тамыз айында жұмыс берушілер Enbek.kz платформасына 131,6 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 25,8%-ға көп. Ал жұмыс іздеушілер 145,2 мың түйіндеме орналастырды. Бұл бір ай бұрынғыдан 2,8%-ға жоғары.
Осылайша, бос жұмыс орындары мен түйіндемелер арасындағы айырмашылық бір айда 2,5 еседен астам қысқарған. Шілдеде ол 36,6 мың болса, тамызда 13,6 мыңға дейін азайды.
Жыл басынан бері Enbek.kz жүйесінде 840,6 мың бос жұмыс орны және 1 млн 22,4 мың түйіндеме жарияланған.
Тамызда мамандарға сұраныс әсіресе білім беру саласында жоғары болды. Бұл бағытта 61 мың бос жұмыс орны тіркелген. Сонымен қатар қызмет көрсету, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, құрылыс салаларында да жұмыс орындары көп ұсынылған.
Өңірлер арасында ең көп бос жұмыс орны Астана мен Алматыда тіркелді. Әр қалада шамамен 10 мыңнан жұмыс орны жарияланған.
Бос жұмыс орындарының 46,6%-ы жоғары білікті, 33,1%-ы орта білікті, ал 20,3%-ы төмен білікті мамандарға арналған.
Еңбек нарығында жоғары жалақы ұсыныстары да бар. Мәселен, тамызда Enbek.kz сайтында тау-кен өндірісіндегі ауысым бастығына шамамен 2,06 млн теңге, киберқауіпсіздік маманына 2 млн теңге, ал кеніш директорына 1,63 млн теңгеге жуық жалақы ұсынылған.
Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар басым. Түйіндемелердің 60,6%-ын әйелдер, 39,4%-ын ерлер орналастырған.
Министрлік мәліметінше, Электрондық еңбек биржасы жұмыс берушілерге бос жұмыс орындарын жедел жариялауға, ал азаматтарға білімі мен тәжірибесіне сәйкес жұмыс табуға мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз