Қазақстан кәсіпорындары ЕАЭО-тың жаңа кооперациялық жобаларына қатысады
Мұндай шешім онлайн форматта өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысында қабылданды. Комиссиядағы Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жетекшілік етеді.
Жиында Мәскеу облысында лак-бояу өнімдерін өндіретін нысан салу жөніндегі кооперациялық жоба сөз болды. Оған Қазақстан, Ресей және Беларусь кәсіпорындары қатысады. Ал Самара облысында гипс комбинаты базасында жаңа араластыру желісі салынады. Былтыр Ақмола облысында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша кооперациялық жоба мақұлданған болатын. Мұндай бастамаларға жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Бұл өндірісті дамытуға және одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, кеңес отырысында ауыл шаруашылығы, карантиндік фитосанитариялық бақылау және ойыншықтардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар шешім де қабылданды.