Кәсіпкерлерді қолдау шарасы қарқын алды
Елімізде алдағы 2 жылда экономикадағы орта бизнестің үлесі 15 пайызға жетуі керек. Жаңа Ата Заңда да мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді күшейтіп, ұзақмерзімді әріптестікке негіз болатын орта қалыптастыру айтылған.
Шағын және орта бизнесті қолдауға Үкімет 55,6 млрд теңге қаржы бағыттамақ. Қолдау шарасы «Өрлеу» бағдарламасы аясында іске асырылады. Осының арқасында кәсіпкерлер жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын, 10 жылға дейінгі мерзімге 7 млрд теңгеге дейін қаржы ала алады.
Мемлекеттік қолдаудың шарапатын көрген көп кәсіпорынның бірі – Қарағандыдағы сүт өнімдерін шығаратын фабрика. «Өрлеу»бағдарламасы істі ілгерлетуге сеп болған. Шамамен 400 млн теңге қолдау қаражатын алған. Нәтижесінде қажетті заманауи технология қатары толығып, 61 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндіріс орнында сүтті ақуыз концентратымен байытудың тың тәсілі енгізіліп, жұмыс қарқыны күшейтіліпті.
Дулат Акбар, «Нәтиже» сүт фабрикасы ЖШС-ның директоры:
- Қазіргі таңда 180-нен аса адам осында еңбек етеді. Жағдайымыз жылдан жылға жақсарып жатыр. Әрине, мемлекеттік қолдаудың арқасында. Тиісінше, жұмыс күші де жеңілдейті. «Өрлеуден» берілген ақшаға құрал-жабдықтар мен автокөлік сатып алдық. Тағы бір айта кетерлігі, жұмысымыз бұрыңғымен салыстырғанда айтарлықтай жеңілдеді. Қазір бәрі электронды форматта жүргізіледі. Цифрландыру жақсы жолға қойылған. Есеп тапсыру, бизнесті тіркеу, бұның бәрін онлайн жасауға болады қазір. Бізге өте тиімді тұсы осы.
Елімізде өндірісті жаңғыртуға бағытталған жеке қолдау тетігі де қарастырылған. Соңғы 2 жылда 153 отандық тауар өндіруге 943 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Мұндай қолдауды өнеркәсіпті дамыту қоры жасап отыр. Қаражат жаңа кәсіпорындар ашуға, өндірістік желілерді жаңартуға және заманауи жабдық сатып алуға бағытталған. Бұдан бөлек, қазіргі таңда кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік жасалып жатыр. Шағын және орта бизнесте көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлығы онлайн ұсынылады. Салық органдары 40 түрлі қызмет көрсетсе, оның 37-сі толықтай автоматтандырылған.
Думан Қансеитов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік Кірістер Комитеті басқармасының жетекшісі:
- Бұрын, мысалы, салық есептілігін тапсырмаса, біз оларға хабарламалар жіберетінбіз, Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі бойынша айыппұлдар салатынбыз, банкшоттарын бұғаттайтынбыз. Қазір ол процестердің бәрі алынып тасталды. Салық төлеушілерге едәуір жеңілдік пайда болды. Екінші деңгейлі банк жүйелерінде, мысалы, ол сервистерді біз жасап жатырмыз. Мысалы, салық төлеуші тіркеліп жатқан кезде, оған сұрақтар автоматты түрде қойылады. Қосымша құн салығына тіркелу керек пе, қандай да бір салық режимін таңдау керек, салық сомасы қандай, оларды қашан төлеу керек, сол сұрақтардың бәріне біз алдын ала пуш хабарламалар жіберіп отыратын боламыз.
Президент халыққа Жолдауында шағын және орта бизнесті жүйелі түрде жетілдіре түсуді тапсырған еді. Экономиканы жаңа үлгіге көшірудің маңызды тетігі осы болмақ. Межелі міндетті орындау барысында елде жалпы ішкі өнім алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Бұл қарқын тағы арта түспек. Алдағы екі жылда республикада 200-ден астам өндіріс орны ашылады. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдауға арналған арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс қуатын арттыруға Жасанды интеллект қолданыла бастады.