Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 3,6%-ға азайды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,6%-ға азайды. Бір айда 35 807 мәміле тіркелген. Шілдеде бұл көрсеткіш 37 158 болған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Мәмілелердің ең көп үлесі Алматы мен Астана қалаларына тиесілі. Алматыда 7 690, Астанада 6 398, Қарағанды облысында 2 825 тұрғын үй мәмілесі жасалған. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді – 277 мәміле.

Шілдемен салыстырғанда мәмілелер саны Алматы қаласында 5,9%-ға, Қостанай облысында 5,5%-ға, Қарағанды облысында 5,1%-ға өскен. Ал Алматы облысында көрсеткіш 21,1%-ға, Атырау облысында 15,7%-ға, Жамбыл облысында 13,7%-ға төмендеді.

Көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша тамызда 27 719 мәміле жасалған. Бұл жалпы көрсеткіштің 77,4%-ын құрайды. Ең көп сатылғаны – бір бөлмелі пәтерлер. Олар бойынша 10 806 мәміле тіркелген.

Жеке тұрғын үйлер бойынша да мәмілелер саны азайған. Тамызда мұндай нысандарға қатысты 8 088 мәміле тіркелді. Бұл шілде айымен салыстырғанда 5,8%-ға төмен.

Жылдық есепте де төмендеу байқалады. 2025 жылғы тамызда 41 380 тұрғын үй мәмілесі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 35 807-ге түскен. Осылайша, бір жылда мәмілелер саны 13,5%-ға қысқарды.

Ал 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға төмен.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: