2027 жылдан бастап солтүстікке қоныс аударған тұрғындарға үй алуға 7 млн теңге беріледі

Елде 1 қаңтардан бастап жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті түрде қоныс аударудың жаңа ережесі күшіне енеді. Мемлекет көшуге, тұрғын үй жалдау ақысын өтеуге және баспана сатып алуға қаржылай көмек көрсетеді, деп хабарлайды 24KZ.

Қоныс аударушыларға біржолғы субсидия, жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтерге ай сайынғы өтемақы және баспана сатып алуға сертификат берілуі мүмкін. Бағдарламаға жұмыссыздар, қандастар, шаруа қожалықтарының басшылары, сұранысқа ие мамандық иелері, өңірлерден жұмысшы тартатын жұмыс берушілер қатыса алады.

Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті басқармасының басшысы:

– Сегіз аймақ айқындалған. Оның ішінде Ақмола, Абай, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, СҚО кіреді. Мемлекет басшысымен 1 облыс ішінде де қоныс аудару шарасы көзделген. Ауыл елдімекендерге және шекара маңындағы ауылдарға қоныс аудару көзделген.

Ал көшіп шығатын өңірлер қатарына Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалалары енгізілді. Түркістан облысының тұрғындары бұл бағдарламаға қатысты өз пікірін білдірді.

Отбасының әр мүшесіне көшу шығындарын өтеуге арналған біржолғы субсидия 302 750 теңге төленеді. Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын өтеуге арналған төлем 12 айға дейін беріледі. Тұрғын үй сатып алуға немесе ипотекалық несие бойынша бастапқы жарна төлеуге арналған экономикалық мобильдік сертификатының құны 7 млн 28 мың 125 теңгеге тең.

Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті басқармасының басшысы:

– Солтүстік өңірлерде денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, инженер мен айти мамандар сұранысқа ие. Осы жылдың басынан жоспар бойынша 8 мың 278 адам, оның 95 пайызы, яғни 7 мыңнан астам адам көшіп, сол өңірлерге бейімделіп тұрып жатыр. 5 жылдың қорытындысы бойынша бізде тек 3 пайызы келген өңірлеріне қайтып, тұрып жатыр.

Өзге өңірлерден жұмысшы тартатын жұмыс берушілерге 1 млн 730 мың тг мөлшеріндегі субсидия ұсынылады. Бұл қолдауды алу үшін жұмыс беруші қызметкерді кемінде екі жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылдап, оның көшу және тұрғын үй жалдау шығындарын төлеуі керек. Екіншіден, баспана сатып алу шығынының 50%-ын өтеу қажет. Бұл ретте өтемақы мөлшері 5 017 000 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші баспана сатып алып, белгіленген талаптар орындалғаннан кейін оны қызметкердің меншігіне береді. Қызметкер тұрақты жұмысқа 5 жылдан астам мерзімге орналасуы керек.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы, Дәулет Кибраев

Сондай-ақ оқыңыз: