Ақмола облысында 5 млн тонна астық жиналды
Күзге қажет көмекқаржы диқандарға демеу болды. Соның арқасында орақ науқаны сәтті өтіп жатыр. Көкше өңірінің диқандары астықтың 80 пайызын қамбаға құйды. Бұл – 5 миллион тонна бидай.
Орташа өнім гектарынан 13 центнерден айналды. «Жалпы биылғы құрғақшылыққа қарамастан, егін бітік шықты», - дейді мамандар. Оған диқандардың тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік қолдау сеп болған. Шаруалар 8 миллион тоннаға жуық астық жинаудан үмітті.
Нұрбек Бадырақов Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Масақтану, сүттену кезіндегі ылғал жетіспеушілігіне қарамастан, орташа өнімділік гектарынан 13,3 центнерді құрап отыр. Мұндай ауа райы көпжылдық мәліметке сәйкес, 1998 және 2010 жылдары байқалған. Ол жылдары күрделі ауа райы жағдайында облыста орташа 3,8 және 5 центнерден ғана өнім алған. Қазіргі таңдағы бұл жоғары өнім мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде болды.