Биыл елде 24 млн 300 мың тонна астық жиналды

Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, осы жылы қамбаға түскен астықтың көлемі ғана емес, сапасы да жақсы, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл Ақмола облысының диқандары 6 млн тоннадан астам астық жинады. Егін жинау жұмыстарын алғашқылардың бірі болып Бурабай ауданының шаруалары аяқтады. Әр гектардан 26 центнер өнім алған. Жоғары сапалы астықты азық-түлік өндіруге, өңдеу кәсіпорындарын дамытуға және отандық өнімнің шетелдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Болат Әбдірахманов, шаруа қожалығының басшысы:

– Осы жылы мол өнім алдық. Әсіресе рапс пен бидайдың шығымы жақсы болды. Біз Бараев институтымен, AlemAgro холдингімен және басқа да көптеген кәсіпорындармен тығыз жұмыс істейміз. Олар бізге кеңес беріп, өз тауарларын ұсынады. Біз сол ұсыныстарды тәжірибеде қолданып, жыл сайын сапалы тұқым сатып аламыз.

Жер мен суды тиімді пайдалану және климаттың өзгеруіне бейімделу тәсілдеріне де көп көңіл бөлінді. Кейінгі үш жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі шамамен үш есе өсті. Мәселен, былтыр шаруалар 1,8 млн тонна тыңайтқыш пайдаланған. Фермерлер техника сатып алу үшін жеңілдетілген лизингтің шарапатын көріп жатыр. Бағдарлама басталғалы бері аграршылар 13 мыңға жуық трактор мен 2 мыңнан астам комбайн сатып алды. Осылайша, ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 2023 пен 2025 жылдар аралығында 20%-ға азайды.

Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ Егіншілік департаментінің басқарма басшысы:

– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша бізде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бірінші кезекте инвестициялық субсидия. Жалпы шаруалар техниканы сатып алар кезде лизингтік бағдарлама «ҚазАгроҚаржы» корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте техниканы сатып алар кезде, оны лизингке алған кезде оның 30 пайызы алғашқы жарна сияқты субсидия болып төленеді.

Биылғы егін жинау жұмыстарына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың комбайн мен 17 мың дестелегіш пайдаланылды. Бүгінде осы бағдарлама арқылы алынған техника еліміздегі тракторлар мен астық жинайтын комбайндардың жалпы санының шамамен 10% құрайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Дмитрий Николаев

Сондай-ақ оқыңыз: