2027 жылдан бастап жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі өзгереді: ипотека мен несие қымбаттай ма?  

Фото: Qazaq Expert Club

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖТСМ – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне қатысты тәсіл өзгереді. Қазір 25% деңгейінде белгіленген бірыңғай шекті мөлшерлеме қолданыстан шығып, шекті мәндер қарыз түріне қарай әртүрлі болады.

Ипотека немесе басқа қарыз алуды жоспарлап жүргендер үшін не өзгереді, жаңа ережелер құрылыс салушылар ұсынатын бөліп төлеуге қатысты бола ма және қаржыландырудың әртүрлі нұсқаларын таңдағанда неге назар аудару керек? Бұл туралы Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейітнұрова түсіндіреді.

«ЖТСМ – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі. Ол ілеспе шығындарды ескере отырып, қарыздың бір жылдағы нақты құнын көрсетеді. Банк жарнама баннерінде, әдетте, номиналды мөлшерлемені көрсетеді, ал ЖТСМ комиссияларды, сақтандыруды, міндетті төлемдер мен өтеу кестесін ескереді.

Сондықтан жарнамада қарыз алушы шартты түрде 16%-ды, ал келісімшартта 22% немесе 24%-ды көруі мүмкін. Бұл қайшылық емес: әңгіме екі түрлі көрсеткіш туралы болып отыр. Номиналды мөлшерлеме ақшаны пайдаланудың құнын көрсетсе, ЖТСМ кредиттің толық құнын бағалауға мүмкіндік береді. Сондықтан келісімшартқа қол қойған кезде дәл осы көрсеткішке назар аудару керек», – деп түсіндіреді Диляра Сейтнұрова. 

Қазір ипотека, тұтынушылық қарыздар және микрокредиттер үшін ЖТСМ-ның бірыңғай шекті деңгейі қолданылады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шекті мәндер қарыз түріне қарай әртүрлі болады. Кепіл қарастырылған қамтамасыз етілген кредиттер үшін шек төмен болады. Ал қысқа мерзімді қамтамасыз етілмеген қарыздар мен микрокредиттер үшін ол жоғары болып қалады, өйткені мұндай өнімдер кредитор үшін қарыздың қайтарылмау тәуекелін көбірек тудырады.

Сарапшының айтуынша, жаңа тәсілдің мәні – тәуекел деңгейі әртүрлі кредиттік өнімдерді бір-бірінен ажырату. Жылжымайтын мүлік кепілімен берілетін ипотека мен жалақыға дейін берілетін қарыз бүгінде іс жүзінде бірдей шекті мөлшерлемемен шектелген, алайда олардың тәуекелдері айтарлықтай ерекшеленеді.

«Саралау ЖТСМ қосымша шығындар есебінен жоғарғы шекке жақындауы мүмкін қымбат қамтамасыз етілмеген өнімдерге көбірек әсер етеді. Қамтамасыз етілген қарыз алушылар үшін жаңа тәсіл кредит құнына неғұрлым төмен шек белгіленетінін білдіреді. Бұл ретте қарыздың әрбір түрі бойынша ЖТСМ-ның нақты шекті мәндері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысымен белгіленген.

Қамтамасыз етілмеген кредиттеу сегментінде қарыздың шекті құнының төмендеуі бір мезгілде ұсыныстың қысқаруына әкелуі мүмкін, өйткені мұндай кредиттердің бір бөлігі банктер үшін экономикалық тұрғыдан тартымдылығын жоғалтуы ықтимал», – дейді сарапшы.

Құрылыс салушы ұсынатын бөліп төлеуге келсек, ол бұл реттеудің аясынан тыс қалады. Диляра Сейітнұрова мұны мұндай бөліп төлеудің банктік кредит болып саналмайтынымен түсіндіреді: формалды түрде бұл сатып алу-сату шартында көзделген төлем кестесі. Тиісінше, ол бойынша ЖТСМ есептелмейді және шекті мәндер оған қолданылмайды.

«Осы жерде сатып алушы үшін маңызды айырмашылық туындайды. Пайызсыз деп ұсынылған бөліп төлеу артық төлем жоқ дегенді білдірмейді: оның құны жылжымайтын мүлік бағасына алдын ала енгізілуі мүмкін. Бөліп төлеу арқылы сатып алған кезде шаршы метрдің бағасы толық төлем жасағандағыдан қымбатырақ болуы ықтимал. Мұндай жағдайда артық төлем іс жүзінде бар, бірақ ол пайыздық мөлшерлемеде емес, нысанның өз құнында көрініс табады.

Сондықтан ипотека мен бөліп төлеуді сатып алушының бүкіл мерзім ішінде төлейтін қорытынды сомасы бойынша салыстыру қажет. Кейбір жағдайларда ЖТСМ көрсетілген банктік қарыз пайызсыз деп ұсынылған бөліп төлеуден арзанырақ болуы мүмкін», – деп түсіндіреді сарапшы.

Алдағы айларда мәміле жасауды жоспарлап жүргендер үшін қаржыландырудың нақты қай түрі қарастырылып отырғаны да маңызды.

«Мәміле жасауды жоспарлап жүргендер қаңтарға дейін не істегені жөн? Егер мәміле дайындалып жатса және ЖТСМ 25%-ға жақын қысқа мерзімді қамтамасыз етілмеген қарызды қарастырып отырсаңыз, оны қазіргі шарттармен рәсімдеу мүмкіндігін бағалаған жөн. Келесі жылы мұндай өнімдердің шарттары өзгеріп, ұсынысы қысқаруы мүмкін.

Егер кепілмен берілетін ипотеканы жоспарлап жүрсеңіз, тек жаңа ережелерге байланысты асығудың қажеті жоқ. Қамтамасыз етілген қарыздар бойынша шекті мөлшерлеме төмендейді, сондықтан жаңа талаптар қарыз алушы үшін тиімдірек болуы ықтимал.

Кез келген келісімшартта – банкпен немесе құрылыс салушымен жасалған шартта – бүкіл мерзім ішінде төленетін толық соманың есебін талап етіңіз. Келісімшарттағы ЖТСМ-ны өз көзіңізбен көрмейінше, құжаттарға қол қоймаңыз: жарнама баннеріндегі сан кредиттің толық құнын көрсетпейді», – деп қорытындылайды Диляра Сейітнұрова.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: