Тағам қоспалары цифрлық бақылауда тұр
Елде биологиялық белсенді қоспаларға қатысты жаңа талап күшіне енді. Енді әр өнімге Data Matrix коды қойылады. Бұл арқылы қоспаның қайдан келгенін және өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын көріп, біліп отырасыз.
Дәл қазір елде дәрілік заттар цифрлық жүйе арқылы қадағаланып отыр. Есепке жүгінсек, 2024 жылдан бері таңбаланған қаптаманың саны 1 млрд-тан асқан. Соның 40 пайызы отандық тауар өндірушілерге тиесілі. Ал бірыңғай тегін дәрі-дәрмекті сатып алу жүйесінде отандық өндірушілердің үлесі 83 пайызға жетті.
Нарықта биологиялық белсенді қоспалар көбейді. Маркетинг те белсенді. Ал өнімді өз бетінше қолданатындардың дені ешкіммен кеңеспейтінін, тек желіде желдей ескен жарнамаға еріп, қолданғанын мойындаған. Яғни тұтынушылар брендке сенеді. Алайда бұл өнімнің бәрі бірдей пайдалы емес дейді мамандар. Оның үстіне елдегі биоқоспалардың 90 пайызы сырттан келеді. Ұлттық статистика отандық өнімнің үлесі тым аз екенін көрсетті.
Кәмшат Айдарбекова, нутрициолог:
- Қазір био белсенді қоспалар өте кең тарап кетті. Оның көбін әлеуметтік желіден көріп сатып алып жатқандар көп. Тіпті дәрігер, нутрициологтармен кеңеспейтіндер бар. Мұның салдары да болуы мүмкін. Био белсенді қоспаны зерттеп алып, ішу керек. Дистрибьюторға қараңыз. Міндетті таңбалау енгізілуі дұрыс деп есептеймін. Бұл нарықтың таза болуы үшін, адамдардың қауіпсіз өнімді тұтынуы үшін қажет. Өйткені тауардың сертификатталғанына және жалған өнім емес екеніне көз жеткізу маңызды.
ББҚ міндетті цифрлық таңбаланады. Бір тәуірі енді өнімнің заңдылығын тексеру жеңілдей түспек. Қыркүйектің басында биологиялық белсенді қоспаларды міндетті таңбалау талабы күшіне енді. Яғни 2026 жылдың 1 қыркүйегінен кейін өндірілген өнімге бірегей Data Matrix коды қойылады. Ал 2027 жылдың 1 наурызынан бастап осы өнімдер толық қадағаланады. Яғни тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап, дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын цифрлық жүйеде бақылауға мүмкіндік туады. Қазір елдегі био белсенді қоспалардың дені Еуропа, Ресей, Қытай және АҚШ-тан жеткізіледі. "Жалпы нарықтағы өнімнің жартысына жуығы тіркелмеген" дейді мамандар. Ал цифрлық таңбалау – қоспаның қайдан келгенін анықтап, заңсыз тауар айналымын азайту үшін енгізіліп отыр. Тұтынушы қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеп, тауар туралы ақпарат ала алады. Сканерден өтпеген тауар үшін дәл осы қосымшада шағымдануға болады.
Бауыржан Мырзатаев, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі:
- Денсаулық сақтау министрлігінің ережесіне байланысты таңбалауды біздің шекарадан өткенше немесе кедендік складтарда таңбалауға болады. Дәрілік заттардан басқа, бүкіл тауар топтарында осыған сәйкес таңбалайды импорттаушылар. Бізде дәрілік заттар таңбалауында шетелдік компанияларға таңбалауға рұқсат беріледі.
Мәселен, осындай дәрілік заттарды цифрлық бақылау нәтижесінде дәріхана желісі арқылы 26 мыңнан астам тегін дәрілік препараттың сатылғаны анықталды.
Бауыржан Жүсіпов, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:
- Анықталған фактілер бойынша 106 медициналық ұйым мен дәріханаға қатысты тексеру жүргізілді. 60-тан астам ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 20 млн теңгеден асты. Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген залал 36 млн теңгеден асады. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Тағамдық қоспалар нарығы жаңғыртылады. Proxima Research International сарапшылары елдегі дәрі-дәрмектер мен тағамдық қоспалардың бөлшек сауда нарығы құрылымдық трансформациядан өтіп жатқанын айтады. Мәселен биыл тағамдық қоспалар сегментіндегі өсім ақшалай тұрғыдан дәрі-дәрмектер сегментіндегі өсімнен асып түскен. Қазір елде дәріхана желілерін біріктіру жұмысы жүріп жатыр. Желілік ойыншылар елдің жалпы айналымының 77%-ын қамтиды, демек, шағын, дербес дәріханаларды белсенді түрде ығыстыруы керек. Мамандар фармацевтика нарығы одан әрі өсетінін болжап отыр. Бұл үшін саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды. Айтпақшы, 2027 жылдан бастап цифрлық таңбалау жүйесі медициналық мақсаттағы бұйымдарға да қолданылады.
Авторы: Мерей Мұратханқызы