Астанада Қызылорда және Атырау облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Даланың дәмі дастарқанға жетті.

Елде күзгі жәрмеңкелер легі басталды. Дәстүрлі іс-шара барлық өңірде өтіп жатыр. Астанада да апта сайын әр аймақтан келген өндірушілер қала халқы мен қонақтарына өз өнімдерін ұсынады. Бүгін елордада Қызылорда мен Атырау облыстарының өнімдері сатылып жатыр.

Күз - қырман мен қамбаның бүйірі толып, елдің аузы даланың дәміне тиетін кез. Түздегі төрт түлік семіріп, жұрт соғымын сайлайтын сәт. Осы кезде елдің түкпір-түкпірінде жәрмеңкелер ұйымдастырылып, сатушы мен алушы бір алаңға тоғысты.

Гүлмайра Семейханқызы, Астана қаласының тұрғыны:

- Бүгін ет алдық, жылқы етін алдық, санын, қазысын, бір қойдың етін алдық. Жақсы, рақмет. Рақмет, осындай бізге жәрмеңке жасап жатқандарына. Өте жақсы, ет қымбат деп айтпаймын.

Ернұр Жәутікбаев, ҚР СИМ сауда комитетінің төрағасы:

- Бүгінгі біздің "Дала дәмін" 19 қыркүйектен бастадық. Бүкіл қазақстан өңірі бойынша жүріп жатыр, бүкіл қалаларда. Алматы мен Астана күндері сенбі, жексенбі, қалған қалаларда сенбі күндері өтеді. Бұл өңірлер бойынша 2 мың тоннадан астам тауар сатылып жатыр сөреде.

Астанада да апта сайын жәрмеңке өтеді. Бүгін бірінші болып Қызылорда мен Атырау облысы бастады. Келушілерге Сырдың маржаны - ақ күріші мен қауын, қарбызы, ет өнімдері, Атыраудың әйгілі балығы, шұбат, сүті секілді өнімдер сатылды.

Мұрат Қыпшақбаев, Қызылорда облысынан келген сатушы:

- Жәрмеңкеге биылдыққа екінші рет келуім. Жалпы біз күріш өнімін - Сыр күрішін, асқабақ әкеліп жатырмыз. Басқа да әріптестерім бар, балық алып келіп жатыр, ет өнімдері. Жалпы жақсы, жылда келеміз. Жәрмеңке өте керемет ұйымдастырылған.

Сырдан Сарыарқаға 100 көлікпен 600 тоннадан астам тауар әкелінді. Ал Атырау аймағынан 45 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері саудаға салынды.

Аманкелді Саламат, Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Бұл жалпы Астана қаласының тұрғындары үшін жергілікті өнім мен таза табиғи өніммен қамтамасыз етудің бірден-бір жолы сонымен қатар базар бағасынан сәл төмен болса да бағаны тұрақтандыру бойынша, осы жақта тұрып жатқан атыраулық жерлестерімізге немесе балықты сағынған ағайынға керемет мүмкіндік деп есептейміз. 

Келер аптада жәрмеңке легін Абай, Алматы, Маңғыстау облысының өндірушілері жалғайды. Содан соң Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының өнімі астаналықтарға ұсынылады. Осылайша қарашаға дейін әр аймақ кезек-кезегімен келеді.

26-27 қыркүйек - Абай, Алматы, Маңғыстау облыстары

3-4 қазан - Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары

10-11 қазан - Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары

17-18 қазан - Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау облыстары

24-25 қазан - Қарағанды, Қостанай облыстары

Шернияз Жалғасбекұлы, Мадияр Қындыбаев

Сондай-ақ оқыңыз: