Астанада «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты жәрмеңке өтіп жатыр
Маңғыстаудың мол мұрасы, тереңнен тін тартқан төл тарихы, қолөнер бұйымдары Астана халқы мен қала қонақтарының назарына ұсынылды, деп хабарлайды 24KZ.
Елордада «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты жәрмеңке өтіп жатыр. Онда өңірдегі креативті индустрия өкілдерінің өнімі таныстырылды. Шара «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Маңғыстау – маңғаз мекен, тасын түртсең, тарих сөйлейтін шежірелі өңір. Ертеден оң қолынан өнер тамған шеберлердің ордасына айналған аймақ. Бүгін сол көштің ізін жалғаған қолөнершілер Астанаға арнайы келіп, өз өнімдерін таныстырды. Бас-аяғы 40-тан астам шебер қатысып, 1800-ден аса авторлық туынды ұсынылды.
Нұртас Сали, Маңғыстау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
– Мақсат – осы біздің креаторлардың мүмкіндігін көрсету, дәріптеу және оларға осындай үлкен алаңдар арқылы өсуіне мол мүмкіндік беру. Сондай мақсатпен осындай құрыммен келіп отырмыз. Біздің өңірде де қазіргі таңда 200-дің үстінде креатор арнайы сайтқа тіркеліп, өздерінің жобаларымен жұмыс жасап келе жатыр.
Қазақ қолөнерін қадірлеп, ұмыт болғанмызды ұлт жадында жаңғыртып жүрген жандардың бірі – Гүлкенже Өмір. 7 атадан зергерлікті кәсіп қылған отбасында өскен ол өзі де төл өнерімізді ұлықтап жүр.
Гүлкенже Өмір, зергер, дизайнер:
– Алғашқы рет Астана қаласына келіп отырмыз. «Өмір» зергерлік бұйымдары 7 атадан зергерлікпен айналысамыз. Атауын үлкен Өмір атамыздың атына қойдық. Біздің «Өнер» зергерлік үйінің ерекшелігі қазақ зергерлік өнерінің қаймағын бұзбай, қазіргі заманауи түрде, заманауи үлгіде халыққа ұсынамыз.
Шара соңы концерттік қойылымға ұласты. Онда Маңғыстау өнер мектебінің өкілдері жырдан, ән мен биден шашу шашты. Жәрмеңке ертең де жалғасады.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Самат Қазанбаев