Қазақстан авиакаргоны дамытады
Қазақстан тоғыз жолдың торабында тұр. Сол себепті автокөлік, теміржол ғана емес, әуе хабын да дамыту міндет.
Бүгінгі күні жолаушы ғана емес, жүкті де тез жеткізу маңызды. Өйткені алыс-беріс көбейді, сұраныс артты. Орта дәліз – Қазақстан үшін Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын әртараптандырып, елдің геосаяси және транзиттік әлеуетін арттыратын маңызды балама жол. Бұл ретте теңіз және теміржол тасымалы бірден ойға оралады. Алайда авиацияның мүмкіндігін де пайдаланған жөн. Ақтау халықаралық әуежайының бас директоры Меруерт Жолдыбаеваның айтуынша, жүк тасымалының 3-5 пайызын әуе арқылы арқылы өтеуге болады. Алдағы уақытта әуежай рейстерге қызмет көрсететін орын ғана емес, әуе, теңіз және құрлық тасымалын байланыстыратын орталық ретінде дамуы мүмкін.
Елде тағы бір маңызды жоба пысықталып жатыр. Алдағы уақытта Қазақстан Қытай, Сингапур, Малайзия, Индонезия мемлекеттерін Еуропамен байланыстыратын алаңға айналады. Инвесторлар авиакаргомен жүк жеткізуге қаржы құюға дайын. «Қазақинвест» ҰҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың айтуынша, ірі жоба Алматы мен Қарағандыда жүзеге асады.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз қазір 2-3 шетелдік компаниямен, соның ішінде қытайлық та бар, Дубайдан да логистикалық компаниялар авиакаргоны Қазақстанда ашу мәселесін пысықтаудамыз. Үлкен жоба болатын мүмкіндік бар. Ол пысықталу үстінде.
Көлік министрлігі де халықаралық әуе қатынасын кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтады. Мәселен, қазанның 2-сінде FlyDubai әуе компаниясы Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша тікелей жүк тасымалдай бастайды. Жоспарға сай, аптасына бір рет Boeing 737 әуе кемелерімен Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы импорттық және экспорттық жүктер жеткізіледі. Ал жазда еуропалық «Карголюкс» Астана арқылы рейстерін қайта бастаған ед. Енді олар аптасына 14 рет ұшуды жоспарлап отыр. Таяуда «Кэтей Пасифик Карго» да жүк тасымалын жүзеге асыра бастады. Олар бір аптада 5 рейс орындамақ. Қазір жаһандық белді әуе тасымалдаушылар ғана емес, «Юпитер Джет» сияқты отандық компаниялар да жүк нарығына бет бұрып жатыр.
Қанат Көпбаев, Janaport және Jupiter Jet компанияларының акционері:
- Біз – Қазақстандағы жаңа жүк әуе компаниясымыз. Алғашқы әуе кемемізді лизингке алдық. Қазір мемлекет жеке бизнесті қолдап отыр. Өйткені бұл транзит біз айтып отырғандай, жаңа мұнай болуы мүмкін. Десе де бұл – таусылмайтын мұнай, яғни әрдайым жүріп тұратын ресурс. Мемлекет транзиттік әлеуетімізді пайдалануға мүдделі. Ал Қазақстанды шартты түрде Еуропа мен Азияны байланыстыратын құрлықтағы Суэц каналы деуге болады.
Халықаралық тасымалдаушылар әуежайды таңдағанда қызмет көрсету құны, жүкті өңдеу жылдамдығы, авиациялық отынның қолжетімділігі, қойма инфрақұрылымына назар аударады. Сонымен қатар кедендік рәсімдердің тиімділігі және жүкті әуе көлігінен теміржол, автомобиль немесе теңіз тасымалына жылдам ауыстыру мүмкіндігі сияқты факторлар да есепке алынады. Демек, инфрақұрылымды жетілдіре түсу маңызды. Қаңтар-шілде аралығында әуежайлар арқылы 102,5 мың тонна жүк өтті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Тасымалданған жүктің жартысынан көбі Алматы халықаралық әуежай арқылы өткен.
Әсел Бағысова, Aifc Aviation Finance Hub жетекшісі:
- Қазақстан географиялық тұрғыда өте тиімді орналасқан. Еуропа мен Азияның тоғысында тұр. Сондықтан біз үшін барлық жүк ағыны, мүмкіндігінше, жолаушылар ағындарының да Қазақстан арқылы өтуі маңызды. Бұл еліміздің дамуына және жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді. Нарығымызға жергілікті және халықаралық ойыншылар көп келсе, олардың тәжірибесін игеріп, мамандарымызды дайындаймыз. Осылайша, авиация саласында білікті кадрлар қалыптастыра аламыз.
Елде арнаулы жүк ұшақтарының қатары артып келеді. Бұл халықаралық әуе көлігі қауымдастығының дерегі. Сол себепті жолаушылар лайнерлерінің багаж бөлімдерінде тасымалданатын жүк көлемі төмендеді. IATA сарапшыларының дерегі бойынша ірі және арнаулы жүк бөлімдеріне сұраныс жиілеген. Бұның бір себебі елде жүк авиациясын дамытуға басымдық беріліп жатыр. Мәселен, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау және Ақтөбе авиациялық хаб мәртебесіне ие болды. Инфрақұрылымға одан әрі де инвестиция салынып жатыр.
Авторы: Мерей Мұратханқызы