Қазақстан мен Қытай арасында Іле өзені арқылы трансшекаралық жол ашылуы мүмкін

Қазақстан мен Қытай арасында жаңа трансшекаралық жол ашылуы мүмкін.

Тың бағыт Қонаев қаласы мен көрші елдің Инин шаһары арасына дейін болады. Жоба жүзеге асса, екі ел арасындағы жүк Іле өзені арқылы тасымалданады. Бұл туралы үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Қытай еліне жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Сапар аясында бірқатар маңызды кездесу өткізіп, «Жаһандық орнықты көлік» халықаралық форумына қатысты.

Нұрлыбек Нәлібаев Қытай халық республикасының Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен кездесті. Басқосу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық,  ғарыш, жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету жайын талқылады. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті ілгерілету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. 

Сапар аясында қазақстандық делегация «Жаһандық орнықты көлік» форумына қатысты. Жиында еліміздің транзиттік әлеуеті таныстырылды. Сондай-ақ логистикалық тізбекті әртараптандыру жолдары да ұсынылды. Соның бірі Іле бойымен трансшекарлық өзен маршрутын ашу. Ол Қонаев қаласынан Қытайдың Инин шаһарына дейін жалғасады. Тың жобаның мүмкіндіктері халықаралық жиында айтылды.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Маршрутты іске асыру Қытай мен Орталық Азия арасындағы қолданыстағы, автомобиль және теміржол бағыттарын толықтыра отырып, жаңа көлік-логистикалық дәлізді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ішкі су көлігін пайдалану ірі габаритті, ауыр және жобалық жүктерді тасымалдауға мүмкіндік береді. Өзен тасымалы жоғары экономикалық тиімділікпен сипатталады. Және айтарлықтай жүк ағындарын қамтамасыз ете алады. 

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті жылдан жылға күшейіп келеді. Кейінгі 5 жылда Қытайдан еліміз арқылы транзитпен тасымалданған жүк көлемі 3,5 есе артты. Бір ғана Транскаспий халықаралық көлік бағытымен жөнелтілген контейнерлер саны өткен 8 айда 60 мыңнан асты. Ал темір жолмен 25,1 миллион тонна жүк тасымалданған. Форум кезінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Орта дәлізді» дамытуға бағытталған жұмыстарға ерекше тоқталды. 

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Жұмыстарды іске асыру кестесін қысқа мерзімде келісіп оны шекаралас инфрақұрылымды дамыту жұмыстарымен үйлестіруді маңызды деп санаймыз. Орта дәлізді дамытуға инвестицияларды бірлесіп тартудың да маңызы зор. Бағытта одан әрі дамыту үшін халықаралық қаржы институттарымен даму банктерімен және жеке бизнеспен  әріптестікті кеңейту қажет. Қазақстан барлық әріптестерімен тығыз жұмыс жүргізуге дайын.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары «Ситик групп» корпорациясының басшысымен кездесті. Қытайлық инвестор елімізде мұнай өңдеу, мұнай-газ, қаржы және инфрақұрылымдық құрылыс саласында маңызды жобаларды сәтті жүзеге асырған. Компания жетекшісі Си Гохуаға екі елдің кәсіпкерлік ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан екінші дәрежелі Достық ордені табыс етілді. 

Руслан Бақытбекұлы

Сондай-ақ оқыңыз: