Швейцария Қазақстанға тікелей рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр
Швейцария тарапы Қазақстанға тұрақты тікелей рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Екі елдің авиация билігі әуе қатынасын дамытуға қатысты жаңа шарттарды келісіп, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды 24KZ.
Астанада Қазақстан мен Швейцарияның авиация саласына жауапты органдарының келіссөздері өтті. Қазақстан делегациясын Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, ал Швейцария тарапын Швейцарияның Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FOCA) келіссөздер бағытының жетекшісі Лоран Ноэль басқарды.
Кездесуге сондай-ақ Air Astana, SCAT және SWISS International Air Lines әуе компанияларының, Базель әуежайының басшылары, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Швейцарияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.
Тараптар екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын дамыту перспективаларын және жаңа бағыттарды ашуға қатысты мәселелерді талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша авиация саласының өкілдері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат тағайындалған әуе компанияларына аптасына 28 жолаушы рейсіне дейін орындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүк рейстерін жиілік пен тасымалдау көлеміне шектеусіз орындаудың құқықтық негізі бекітілді.
Тараптар әуе қатынасы туралы келісім жобасын да келісіп, кейін оған қол қою үшін парафирледі. Бұл құжат Қазақстан мен Швейцария арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға арналған жаңартылған құқықтық негіз қалыптастыруы тиіс.
Швейцария тарапы екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын дамытудың перспективалы екенін атап өтті. Қазір ел билігі Қазақстанға тұрақты рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Күтілгендей, тікелей әуе қатынасының ашылуы Қазақстан мен Швейцария арасындағы туристік, сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайтып, екі ел арасындағы жолаушылар ағынын арттыруға ықпал етеді.