Қазақстан мен Швейцария атом энергетикасында ынтымақтастықты кеңейтеді

Еліміздің Ұлттық ядролық орталығы мен Швейцарияның NAGRA ұйымы радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз сақтау және көму мәселелері бойынша бірлескен жол картасына қол қойды, деп хабарлайды 24KZ.

Берн қаласында қос елдің Үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысында тараптар жаңа инфрақұрылымдық жобаларды, сауда-саттықты дамыту және Қазақстан уранын Швейцарияға жеткізу мәселелерін талқылады.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

– Берн Швейцарияның астанасы саналса да, ресми түрде мұндай мәртебеге ие емес. Алайда ел үкіметі мен парламенті осында орналасқандықтан, мемлекеттің саяси орталығы қызметін атқарады. Бүгін осы қалада Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Швейцария елге ең көп инвестиция салған үш мемлекеттің бірі. Ендігі мақсат – өзара сауда көлемін арттырып қана қоймай, атом энергетикасы сияқты стратегиялық маңызы бар салалардағы әріптестікті тереңдету.

Биылғы сегіз айда Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Қазір елде швейцариялық капиталдың қатысуымен 400-ге жуық компания жұмыс істейді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміз экспортты әртараптандырып, шикізаттық емес тауарлар үлесін арттыруға мән беретінін жеткізді. Қазақстан өңделген өнімнің 30 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Олардың қатарында алюминий, ферроқорытпа, күнбағыс майы, ұн және кондитерлік өнімдер бар. Тараптар жүк тасымалын Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы арттыру мүмкіндігін де қарастырып отыр.

Нұрлан Құлбатыров, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры:

– Шикізаттық тауарлар бар, сонымен қатар осы жолы біз Швейцаридан Қазақстандағы өңделген өнімдерге қызығушылықты байқап отырмыз. Бұл металдар, химия өнеркәсібі болсын. Сонымен қатар азық-түлік өнімдердің арасында қазақстандық бидайға, high-pro сапасындағы бидайға қызығушылық танытып отыр.

Швейцария тарапынан келіссөздерге мемлекеттік органдар мен фармацевтикадан бастап ядролық қалдықтарды басқаруға дейінгі түрлі саладағы ірі компаниялардың өкілдері қатысты. Мәселен, SERV экспорттық сақтандыру агенттігі мен Team Switzerland Infrastructure платформасының өкілдері Қазақстандағы электр желілерін, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жобаларына қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал Швейцарияның Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы Қазақстандағы цифрландыру қарқынын ескере отырып, ақпараттық жүйелерді қорғау бағытында ынтымақтасуға қызығушылық танытты. Қазір Қазақстан радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеудің швейцариялық тәжірибесін зерделеп жатыр. Осы салада мол тәжірибесі бар NAGRA ұйымы мен еліміздің Ұлттық ядролық орталығы бірлескен жұмыстың жол картасына қол қойды.

Ян Константи, NAGRA ұйымының қаржы директоры:

– Қазақстанның, әсіресе Ұлттық ядролық орталықтың радиоактивті материалдармен жұмыс істеу тәжірибесі өте мол. Біз қол қойған жол картасы осы бағытта Швейцарияның тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді. Біздің ұйым радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз көмуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы саладағы біліміміз бен технологияларымызды қазақстандық әріптестерге беруге дайынбыз.

Бернде Арман Шаққалиев Швейцария президенті Ги Пармеленмен де кездесті. Конфедерация басшысы қазақстандық нарықтың өз елінің компаниялары үшін мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Тараптар денсаулық сақтау, энергетика, инфрақұрылым және инновациялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін білдірді.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Сондай-ақ оқыңыз: