Қазақстанда юань бағамы 9%-ға жуық арзандады

фото: depositphotos.com

Қазақстанда қытай валютасының бағамы жыл басынан бері 9%-ға жуық төмендеді. Қыркүйектің 17-18 күндері юаньның ресми бағамы 66,3 теңгеге дейін түскен, деп хабарлайды 24KZ finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Өткен жылдың қаңтар-шілде айларында юаньның орташа ресми бағамы шамамен 71 теңге болған. Ал биыл осы кезеңде көрсеткіш 70,7 теңгені құрады. Яғни айырмашылық 1%-ға да жетпеген.

Алайда кейін қытай валютасы айтарлықтай арзандаған. Өткен жылдың шілдесінде юаньның орташа бағамы 73,8 теңге болса, биыл шілдеде 69,7 теңгеге, тамызда 69 теңгеге дейін төмендеген.

Қыркүйекте де төмендеу жалғасып, 17 және 18 қыркүйекте юань 66,3 теңгеге дейін түсті. Бұл биылғы қаңтардағы орташа деңгейден 8,9%-ға төмен. Ал 22 қыркүйектегі ресми бағам 67 теңге болды.

Нетто-сатылым көлемінің қысқаруы Қытаймен тауар айналымының жоғары болуы юаньды қазақстандықтар арасында қолма-қол валюта ретінде сұранысқа ие етпейтінін көрсетеді. Қытайдың Қазақстанның сыртқы саудасындағы рөлі артып келе жатқанымен, айырбастау пункттеріндегі юаньға деген қызығушылық шектеулі әрі айдан айға айтарлықтай өзгеріп отырады, – делінген зерттеуде.

Сондай-ақ оқыңыз: