Қытай юаньды күшейтуден қауіптенеді

Биыл юань нығайды. Рейтер агенттігінің дерегі бойынша АҚШ валютасына шаққанда 5 пайыз, ал еуроға қатысты 9 пайыз күшейді. Десе де Халықаралық Валюта қоры Қытай валютасының нақты бағамы 16 пайызға жоғары екенін айтады. Әдетте әр ел керсінше өзінің ақшасының әлеуетін арттыруға күш салады. Ал Бейжіңнің юаньды нығайтуға асықпауының сыры неде? Қытайдың бұл стратегиясы жаһандық қаржы нарығына қалай әсер етуі мүмкін? 

Былтыр ЕуроОдақ елдері Қытайға шамамен 200 млрд еуроның тауарын жөнелтсе, ал шығыстағы көршімізден 560 млрд еуроның өнімін импорттады.  Еуростаттың дерегі бойынша сауда тапшылығы 360 млрд еуроға жуықтады. Бұл арада кәрі құрлық елдері Қытаймен сыртқа саудада есе жіберіп отырғысы жоқ. Сондықтан ірі сауда серіктесі Бейжің юань бағамын көтеруге тиіс деп санайды.

Фридрих Мерц, Германия канцлері:

- Мен тек Германия атынан сөйлеп тұрғаным жоқ. Жалпы бүкіл Еуропа жағдайын ескеріп айтып тұрмын. Юань бағамы 25-30% жоғары болуға тиіс. Қытай оның құнын көтермесе, мұның зардабын біздің кәсіпкерлеріміз тартады. Бейжің юаньды әлсірету арқылы нарыққа арзан тауар шығарып, бәсекелестікті күшейтіп келеді.

Бірақ Қытай тауарын сыртқа шығаруға ғана құштар емес, импортты да құшақ жая қарсы алатынын айтады. Биыл Бейжің жаңа бағдарламасын жариялады. «Жалпыға ортақ алып нарық: Қытайға экспорт» деп аталады. Қытай кеден қызметінің мәліметіне қарағанда биыл 9 айда шығыстағы көршіміз АҚШ-тан 114 млрд доллардың тауар импортады. Бұл алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,2 пайызға көп.

Ван Цзюнь, Қытай Бас кеден басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл алғашқы 6 айда импорт көлемі 10 триллион 740 миллиард юаньға жетті. Бұл АҚШ валютасына шаққанда 1 триллион 580 миллиард доллар. Тарихта алғаш рет импорт көлемі 10 триллион юаньнан асты. Импорт былтырмен салыстырғанда 22,1 пайызға өсті. Соның арқасында сауда тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік туды.

Әйтсе де ЕуроОдақтың бұған көңілі толмай отыр. Қытайды юань бағамын көтеруге көндіруге бейіл. Тек осылай ғана қытайлық тауарлардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетін төмендетуге болатынына сенеді. Германия канцлері: «Бейжің билігімен 1985 жылғы "Плаза" келісіміне ұқсас құжат бекітсек», - дейді. 41 жыл бұрын бұл келісімге АҚШ, Жапония, Германия, Франция және Ұлыбритания қол қойған еді. Сол кезде Құрама Штаттардың доллары құнсызданып, өзге 4 елдің валютасы күшейген болатын. Алайда иена күрт нығайған соң, Жапонияның саудасы жүрмей, экономикасы тоқырауға ұшыраған. Сарапшылар сол келісімнің ауыр салдары әлі күнге дейін толық жойылмағанын айтады. 

Чжу Нин, Шанхайдағы Жоғары қаржы институтының профессоры:

- Кей сарапшылар Қытайдың юань бағамына бақылау орнатуын қолдамайды. Мұның орнына Ішкі тұтынуды ынталандырып, экономикалық өсудің тұрақты моделіне көшуі керек деп санайды. Мен де мұндай реформаларды қолдаймын. Алайда юань күрт қымбаттаса, тоқыма өнеркәсібі мен тұрмыстық техника өндірісі тұралайды. Ал бұл салада жан бағып жүрген адам қаншама?! Экспорттан табыс азайса, жұмыс орындары қысқарады. Бұл ішкі тұтынуды одан әрі әлсіретеді. Сондықтан экономиканы экспортқа тәуелділіктен біртіндеп арылтып, ішкі тұтынуды қатар дамыту қажет.

Биыл юаньның құны 5 пайыз нығайды. Блумберг басылымының мәліметіне қарағанда, қазір жаһан жұрты юаньмен күніне 817 млрд долларға сауда жасайды. Сөйтіп, ол әлемдегі көп қолданылатын 5 валютаның қатарына кірді. Кейінгі кезде мұнай нарығының ірі ойыншылары да долларсыз саудаға көше бастады. Олардың қатарында Сауд Арабиясы, Бразилия және Үндістан бар.

Митул Котеча, BARCLAYS банкінің Азиядағы валюталық және дамушы нарықтар жөніндегі макростратегия жетекшісі:

- АҚШ сауда-саттықта және санкция салуда өзінің қаржылық үстемдігін асыра пайдаланады. Яғни долларды қысым тетігі ретінде қолданады. Сондықтан кейінгі кезде көп ел долларға тәуелділіктен арылуға күш салып жатыр.

Бүгін 1 АҚШ доллары 6,67 юаньға саудаланып жатыр. Goldman Sachs-тың есебіне қарағанда,  алдағы 1 жылда Қытай валютасы тағы күшеюі мүмкін. Демек, қытайлық экспортаушылардың табысы азая түседі. Шығыстағы көршіміздің қор биржасында 5 мың 200-ден аса компания бар. Рейтер агенттігінің дерегіне сүйенсек, биыл алғашқы 6 айда олардың таза кірісі 5 пайызға де жетпеді. Ал әлемнің өзге компанияларында бұл көрсеткіш 2 есе жоғары. Сондықтан Бейжің билігі юань ықпалын арттыруға асықпайды. Жалпы Қытайда капиталға бақылау қатаң. Юаньның дүниежүзілік валютаға айналуына басты кедергінің бірі осы, - дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: