Қазақ-қытай инвестфорумында құны $8,2 млрд болатын 50 құжатқа қол қойылды

Алматыдағы қазақ-қытай инвестициялық форумында құны $8,2 млрд болатын 50 құжатқа қол қойылды.

Тараптар көлік логистика, энергетика, цифрландыру және ауыл шаруашылығы салаларына басымдық берді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, бірқатар компания басшыларын қабылдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы  жүгері өңдеу зауытын іске қосу рәсіміне қатысты. Президент форум аясында бейнебайланыс режимі арқылы өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат берді.

Алатаудың баурайындағы келелі кеңес бір минут үнсіздікпен басталды. 600-ге жуық қатысушы Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердін рухына тағзым етті.

Әлішер Әли, тілші:

- Мемлекет басшысының шілде айындағы Шанхайға сапарында тараптар 15 млрд АҚШ долларынан асатын 70-тен астам коммерциялық құжатқа қол қойды. Енді қағаз бетіндегі келісімді іс жүзінде жүзеге асыру керек. Бүгінгі форумның да негізгі мақсаты осы.

Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктесік бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Сөзіміз сөлді болу үшін айталық, былтыр қос ел арасындағы тауар айналымы 50 млрд АҚШ долларына жуықтады.

Қытайдан тартылған инвестициялар көлемі тарихи ең жоғары көрсеткішті көрсетіп, 2,8 млрд долларға жетті. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы да айтты. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар» мен спутниктік технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы серіктестік дәйекті түрде нығайып келе жатқанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Іскерлік байланыстардың кеңеюіне елдеріміз арасында орнаған визасыз режим де елеулі үлес қосты. Қазіргі кезде Қазақстанда қомақты инвестиция тартып, ірі жобаларды іске асыруға барынша оңтайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады. Биыл 1 шілдеде күшіне енген Конституциямыздың негізгі ережелері еліміздің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мықты құқықтық негіз қалады.

Екі ел үшін көлік пен логистика да стратегиялық бағыт саналады. Суда жолы қысқа болса да құрлықта Қазақстан құр алақан емес. Тіпті Шығыс пен Батыс арасындағы алтын көпір. Мәселен, Қытайдан Еуропаға өтетін транзиттік тасымалдардың 85 пайызы біздің елге тиесілі. Жиында Президент болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны үш мыңға дейін ұлғаятынын айтып, бірлескен бастамаларға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа бағдар Шығыс-Батыс жолының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу уақытта Мойынты-Қызылжар, Бақты-Аягөз темір жолдарының құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығын «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында бірлесе енгізілген цифрлық технологиялар қамтамасыз етеді. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестік аясында жүргізушісіз көлік технологияларын және цифрлық шешімдерді қолданатын логистика дәлізі түзіледі. Бұл біздің ел үшін бірегей жоба. 

Форумда қаузалған мәселелердің бірі өнеркәсіп. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Қытайлық кәсіпорындар Алматыда автокөлік кластерін дамытуға белсенді атсалысып келеді.  Оған дәлел Astana Motors пен Chery компанияларының OMODA және JAECOO автомобильдерін өндіру жобасы.  Елімізде осы айдың өзінде 60 қа тарта автомобиль жасап шығарылды. Кәсіпорын жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 2 200 ге жеткізуді көздеп отыр. Ал 2027 жылы өндіріс көлемі 10 мың болады деген болжам бар.

Бекнұр Несіпбаев, “Astana Motors” компаниясының бас директоры

Алматыдағы форум аясында қытайлық BeOne Medicines елдегі ең ірі Іңкәр фармацевтикалық компаниясымен келісімге келді. Енді тараптар бірлесіп, онкологиялық препараттар өндірісінің өрісін кеңейтеді. Тиімділігі дәлелденген дәрі дәрмек өндіретін кәсіпорынның орталықтары қазір әлемнің 4 елінде бар. Ал бесіншісі біздің елде ашылады дейді, денсаулық сақтау министрі.  

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Елде 500 тонна өндірістік қуаты бар, жүгері өңдейтін кешен пайдалануға беріледі. Кәсіпорын 1,5 мыңға тарта адамды жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ тараптар өңдеу көлемін екінші кезеңде 1 млн тоннаға, үшінші кезеңде 1,5 тоннаға артыруға ден қойып отыр. 

Ли Сюэчун, Fufeng Group компаниясының басқарма төрағасы 

Жиында қытайлық іскерлердің ауыл шаруашылығы саласына именбей инвестиция құюға дайын екенін байқадық. Оны Айдарбек Сапаров та растады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі

Инвестициялық форумда Қасым-Жомарт Тоқаев тау-кен металлургиясы кешеніндегі ынтымақтастықты да басым бағыт ретінде атады. Бұдан бөлек цифрландыру мәселесіне айрықша мән беріп, елордада тұңғыш қазақ-қытай жасанды интеллект мектебі ашылатынын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс екенін айтып, жиынды «Қазақстан-Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынды. Жиын қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімімен қортындыланды.

Қытай мен Қазақстан арасындағы алыс беріс пен барыс, келіс жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі жиында да тараптар ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге дайын екенін байқатты. Көктөбедегі келелі кеңестің нәтижесінде жалпы құны 8 млрд АҚШ долларынан асатын 50 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер қос елдің арасындағы әріптестікті жаңа белеске көтеретіні даусыз. 

Әлішер Әли

Сондай-ақ оқыңыз: