Қазақстанда жәрдемақының 14 түрі жаңа тәртіппен тағайындалады

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда республикалық бюджеттен берілетін 39 мемлекеттік жәрдемақының 14 түрі жаңа тәсілге сәйкес мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып тағайындалатын болады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Министрлік мәліметінше, бұл өзгерістер Отбасының цифрлық картасы бойынша «А» және «В» санаттарына, яғни әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты отбасыларға жатқызылған төлем алушыларға ғана қатысты болады.

Аталған тізімге балалы және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын ата-аналар мен өзге де азаматтарға арналған төлемдер кіреді.

Сондай-ақ мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, жерлеуге арналған төлем, ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және мемлекеттік атақтарға ие болған азаматтарға тағайындалатын жекелеген арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар қамтылған.

Бұл ретте жаңа тәртіп төлемнің нақты түріне қарай қолданылады. Яғни барлық төлем түріне құқық автоматты түрде сақталады дегенді білдірмейді.

Мысалы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатын болса, бұл төлем сақталады. Ал оның бала тууына байланысты төлем алуға құқығы туындаса, бұл төлем мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып тағайындалады.

Осылайша, әрбір төлем оны тағайындау негізі мен оған деген мұқтаждық қағидаты ескеріле отырып жеке қаралады.

Министрліктің мәліметінше, жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттырып, оны шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз: