Құрылыстағы отандық өнімнің үлесі 70%-дан асады
Құрылыста отандық өнімнің үлесі 70 пайыздан асады.
Үкімет жергілікті өндірісті өркендетуге бейіл. Сол себепті сырттан келетін кей материалдардың импортына уақытша шектеу қойды. Тек ЕАЭО елдерінен ғана тасымалдауға рұқсат.
Құрылыс қарқыны артты. Демек, құрылыс материалдарына сұраныс жоғары. Әзірге елде бас-аяғы 3 мыңнан аса өндіруші бар. Олар нарықты қажетті өнімдермен 70 пайызға қамтып отыр. Бұған қоса, биыл 50-ге тарта инвестициялық жоба іске асуы керек. Оның жалпы құны 200 млрд теңге. Бірақ әлі күнге құрылыс материалдарының біразын сырттан тасимыз.
Диляра Сейітнұрова, QAZAQ EXPERT CLUB сарапшысы:
- Әйнектер шығаратын зауыт Қызылордада ашылды. Ол тек қана бір-ақ зауыт, бізге ондай 5-6 керек толығымен нарықтың сұрауын жабу үшін. Құрылыс материалдарын қазіргі кезде, импорттық материалдарды Қазақстанға алып келу тоқтатылды.
Иә, мамырдан бері цементтің жекелеген түрлері, құрылыс ерітінділері мен бетондар, табиғи тастан жасалған бұйымдар, гипс плиталары, сондай-ақ табақ шыны импорты уақытша тоқтап тұр. Бұл шектеу ЕАЭО елдерінен жеткізілетін өнімдерге қолданылмайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзіргі импорт 1,2 млрд доллар екенін хабарлады. Енді ел ішіндегі өндірісті еселеу керек. Бұл үшін инвесторларға да мүмкіндік жасалады.
Мұхамед Андаков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазақстан құрылыс материалдарына сұранысты уақыт өткен сайын өзі қамтамасыз етіп жатыр. Әлі де даму әлеуетіміз бар. Қазіргі нарық көлемі $4,2 млрд доллар, соның ішінде импорт үлесі шамамен $1,2 млрд долларға тең. Біз өз өнімдерін Қазақстанда сатуға қызығушылық танытатын тараптарды ынтымақтастыққа шақырамыз.
Елге құрылыс материалдары негізінен Еуропа, Қытайдан, Өзбекстаннан да жеткізіліп келген еді. Енді импортқа шектеу қойылды. Бірақ ішкі өндіріс белсенді емес. Жыл басынан бері 8 пайызға ғана өскен. Halyk Finance сарапшыларының айтуынша құрылыс келер жылы да қарқынды болады. Бұл материалдарға сұраныс артады деген сөз. Сол себепті шектеуді тағы ұзартпас бұрын өндіріс көлемін арттыру керек дейді Qazaq expert club сарапшысы Диляра Сейітнұрова. Өйткені қазіргі ірілі-ұсақты өндірушілер сұраныс артар болса, бағаны өсіріп жіберуі мүмкін.
Диляра Сейітнұрова, QAZAQ EXPERT CLUB сарапшысы:
- Өңірлік кішігірім цехтар ашылып жатыр. Ол да жақсы. Өйткені облыстық деңгейдегі цехтар болса, өзінің жаңағы сұранысын жабатын болса, жақсы. Өйткені логистика жағынан қарайтын болсақ, Қазақстан үлкен мемлекет болғандықтан, логистикасы өте қымбат.
Құрылыс материалдары импортына қойылған шектеу отандық өндірушілер үшін қолайлы сәт. Сондықтан мұндай мүмкіндікті қалт жібермеу керек дейді сарапшылар. Дегенмен құрылыс материалы ғана емес кей шикізат та шетелден келеді. Келешекте жергілікті зауыттар мұны ескеріп, шикізат дайындауға дағдыланғаны абзал.
Мерей Мұратханқызы