Қызылорда облысында Сырдария үстіндегі көпір құрылысы аяқталуға жақын

Қызылорда облысында Сырдарияның үстінен салынып жатқан көпір құрылысы жақында аяқталады. Мердігерлер жыл соңына дейін пайдалануға береміз дейді. Жалпы биыл өңірде 12 көпір мен өткелді жаңғырту жоспарланған еді. Бұл жұмыстар қалай жүріп жатыр? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Қазалы ауданының Қожабақы ауылындағы көпірдің салынғанына жарты ғасырға жуықтады. Содан бері жөндеу көрмеген. Бұл – Қожабақы, Бозкөл және Кәукей ауылдарының тұрғындары үшін аудан орталығына қатынайтын негізгі жол. Биыл өткел орнына жаңасы салынып жатыр. Қазiргi таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталды.

Нұрқанат Амангелді, «Гүлнұр МК» ЖШС учаске бастығы:

– Бұрынғы көпір апатты жағдайда орналасқан. Бұзу кезінде оның балкілерінде де біраз жарықтар пайда болған. Бұрынғы 12 метрлік балкілер екі қатар қойылған. Қазір 21 метрлік ТБМ балкілерін қойып жатырмыз. Сапасына 100% кепілдік беріледі, 50 жылға дейін кепілдік қарастырылған.

Ауданда «Қожабақы – Бекарыстан би» автожолы бойындағы көпір де жаңғыртылуда. Бұдан бөлек, Сырдария өзені үстінен өтетін Қарлан көпірінің құрылысы да биыл аяқталып, пайдалануға беріледі.

Алмасбек Есмаханов, Қазалы ауданының әкімі:

– Құны 6,8 млрд теңгені құрайтын, Сырдария өзенінің үстіне өтетін қарлан көпірінің қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде, қарқынды жүргізіліп жатыр. Мақсатымыз – жыл аяғына дейін осы көпірді елдің егілгеніне беру. Жалпы бұл аймақта арғы бетінде Казалы ауданы бойынша бойынша жеті елді мекен тұрады.

Жоба бойынша екі жолақты автокөлік көпірінің ұзындығы 248, ені 9 метр болады. «Жалпы өңірде биыл 12 көпірді қалпына келтіру жоспарланған», – дейді мамандар.

Жәнібек Сыздықов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Оның ішінде айта кететін болсақ, Қазалы ауданында үш көпір жөнделіп жатыр, біреуі құрылыс, Шиелі ауданында екеу, Қармақшы ауданында, Жалағаш ауданында, Сырдария ауданында бір-бір көпірден күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Одан бөлек, Қызылорда қаласында темір жол астынан өтетін Жанқожа батыр көшесінен темір жоласты көпірінің жұмысы қарқынды жүргізілуде, жақын күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Соңғы 4 жылда өңірде 1 700 шақырым автожол мен 35 көпір салынды. Сапалы жолдардың үлесі 82-ден 95 пайызға жетті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Сондай-ақ оқыңыз: