Қазақстан Беларуське 30 млн долларға коммерциялық техника жеткізеді
Қазақстандық компаниялар 2027–2028 жылдары Беларуське 790 бірлік коммерциялық техника жеткізеді. Келісімнің жалпы құны кемінде $30 млн-ды құрайды, деп хабарлайды 24KZ.
Тиісті келісім «Иннопром. Беларусь» форумы аясында өткен Қазақстан–Беларусь іскерлік кеңесінің отырысында жасалды. «Hyundai Trans Auto» ЖШС мен Беларусьтің «Эр Си М» ЖШҚ коммерциялық техника жеткізу туралы уағдаласты.
Қазақстандық автокөлік өндірушілерінің Беларусь нарығындағы экспорттық әлеуеті жылына 4 500 бірлік техникаға дейін бағаланып отыр.
Бұдан бөлек, қазақстандық өнімдерді Беларусь нарығына шығаруға бағытталған тағы бір келісім жасалды. Қазір экспорттаушылар пулы құрылып, жылына 20 жүк көлігіне дейін жеткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Екі ел арасындағы сауда айналымы да өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 30%-ға артып, $1,2 млрд-тан асты. Ал 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында бұл көрсеткіш тағы 20,5%-ға өсіп, $723 млн болды. Оның ішінде Қазақстанның экспорты $180,3 млн, импорты $542,7 млн құрады.
Осы кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің Беларуське экспорты 34,9%-ға өсіп, $24,9 млн-ға жетті. Жалпы қазақстандық өнімдердің Беларусь нарығындағы қосымша экспорттық әлеуеті $80,1 млн деп бағаланып отыр.
2026 жылдың қаңтарында Минскіде Қазақстанның «Қазақ Трейд Хаус» сауда үйі жұмысын бастады. Оның негізгі мақсаты – отандық тауарларды Беларусь нарығына шығарып, экспорттық жобаларды сүйемелдеу. Қазір мұнда сегіз қазақстандық өндірушіден тұратын жеткізушілер пулы қалыптастырылған.
Азық-түлік өнімдерін Беларусьтің ірі сауда желілерінің бірі «Еврооптқа» жеткізу мәселесі де қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, өсімдік майы, сүт өнімдері, сусындар, минералды су, ұн, жарма және ет консервілерін экспорттау жоспарланған.
Теміржол машина жасау саласында да бірлескен жұмыс бар. «Проммашкомплект» ЖШС Беларуське теміржол дөңгелектерін жеткізіп келеді. Ал «Railways Systems Holding» ЖШС вагондар, рельсті автобустар және қосалқы бөлшектер жеткізу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар Қазақстанда бірлескен өндірістер ашу жөніндегі екі жоба пысықталуда. «ПОЖСНАБ» ЖШҚ мен «Автокомпоненты КЗ» ЖШС арнайы өрт сөндіру техникасын шығаруды жоспарлап отыр. Ал «Qaz-Bel Лифт» ЖШС мен «Могилевский завод лифтового машиностроения» ААҚ Ақтөбеде лифт өндірісін іске қосуды қарастырып жатыр.
Алдағы уақытта тараптар нақты келісімшарттар санын көбейтіп, қазақстандық өнімдердің Беларусь нарығына экспорт көлемін арттыруды көздейді.