Алматы облысында күріш алқаптарының 20% орылды

Алматы облысында күріш алқаптарының 20 пайызы орылды.

Қазір науқанның қызған шағы. Дегенмен, кей күндері жауын-шашынды болып, жұмыстың тұралап қалатыны бар, дейді диқандар. Олар қарашаның қара суығына ұрынбай тұрып, өнімді қамбаға құйып алу үшін бар күшті салып жатыр. Атап өтейік, өңірде тек Балқаш ауданында ғана күріш дақылы егіледі. 

Балқаш ауданының шаруалары биыл 5 мың гектардан астам алқапқа күріш екті. Былтыр бұл мақсатқа 8 мың гектардай суармалы жер игерілген еді. Күріш алқаптарының аумағы айтарлықтай қысқарды. Есесіне аудан диқандары суды көп қажет етпейтін мал азығы дақылдарын өсіруге бет бұрды.

Бүркіт Мұқанов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Биылға 2900 га қысқартылды, су жетіспеушілік бізде жыл сайын байқалып отыр, сол себепті біз соған икемделіп жатырмыз. Күріштің шығымдылығы 40 центнерден жоғары. Былтыр 41 центнер болса, биыл енді 42-43 центнерден аламыз деген ойымыз бар. Енді әркімде әрқалай, жер жағдайына қарай біреуінде басталып жатса, кейбіреуінде әлі бастала қойған жоқ.

Ауданда осы дақыл түрін өсірумен айналысатын 40 шақты шаруа қожалығы бар. Қазір барлық күріш алқабының 20 пайызы бастырылып, 4 мың тоннадай дән қамбаға құйылды. Ғалымбек Әбдіқұлов басқаратын Бақбақты ауылындағы өндірістік кооператив тәулігіне 10 тонна күріш ақтайды. Зауытта он шақты жергілікті тұрғын жұмыс істейді.    

Ғалымбек Әбдіқұлов, «Бақанас-Астық» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

- Жылда осы кооперативтің, осы мына зауыттың барлық жабдықтарын жаңартып отырамыз заманауи технологиямен. Былтыр фотосепаратор сатып алып келдік күрішті жоғары сапада шығару үшін. Қазіргі таңда көп нәрсе сапалы болғанға қарайды. Бұрын арасында аздап кетіп қалатын қара күріш, тастар кетіп қалатын. Қазіргі таңда бәрі жаңа технологиямен жұмыс істеп жатырмыз.

Дегенмен, күріш орағына ауа райының жауын-шашынды болуы айтарлықтай кедергі келтіруде. Аздаған жаңбыр жауса, техника тұрып қалады. «Бұл біз үшін жылда қайталанып тұратын қалыпты жағдай, бірер күнде күріш орағын толық аяқтаймыз», - дейді диқандар.

Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: