Астана – Қабанбай батыр – Теміртау жолының 16 шақырымы жөнделді
Ақмола облысының Целиноград ауданындағы республикалық маңызы бар KAZ05 «Астана – Қабанбай батыр – Теміртау» автожолының 16 шақырымында орташа жөндеу аяқталды, деп хабарлайды «24KZ».
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, жол жамылғысы толық жаңартылып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында жарықтандыру жүйесі мен бағдаршамдар орнатылды, кірме және шығу жолдары мен жол инфрақұрылымының басқа да элементтері ретке келтірілді.
Жөндеу 35–51 шақырым аралығында жүргізілді. III техникалық санаттағы бұл автожол Астананы Целиноград ауданының елді мекендерімен байланыстырып, әрі қарай Теміртау бағытына шығатын маңызды көлік артерияларының бірі саналады.
Жоба аясында 16 шақырым бойындағы жол төсемінің құрылымы толық жаңартылды. Деформацияға бейім тұстарда аяздан ісінген қабаттар алынып, жол негізінің тегістеу қабаты жасалды. Оның үстіне қалыңдығы 6 сантиметр ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасының төменгі қабаты және 5 сантиметр қиыршықтас-мастикалық асфальтбетонның үстіңгі қабаты төселді.
Қиыршықтас-мастикалық асфальтбетон жол жамылғысының көлік салмағына төзімділігін арттырып, жолтабанның пайда болу қаупін төмендетеді және ауа райының әсеріне беріктігін күшейтеді.
Қозғалыс қауіпсіздігіне де басымдық берілді. Жаңа жол таңбалары сызылып, жол жиектері жонылған материалмен нығайтылды. Жалпы аумағы 1 420 шаршы метр болатын 9 кірме және шығу жолы жасалып, 1 852 бойлық метр қисық жиектас орнатылды.
Сонымен қатар демалыс алаңы жөнделіп, жаңа автопавильон қойылды.
Елді мекендерге кіреберістер мен көлік қозғалысы қарқынды бөліктердегі инженерлік инфрақұрылым да жаңғыртылды. 26+650–29+650 шақырым аралығына сыртқы жарықтандыру жүйесі тартылды. 28+300 және 33 шақырымда бағдаршамдар орнатылды. Бұл шаралар қараңғы уақытта жолдың көрінуін жақсартып, көлік ағынын реттеуге және жол қиылыстарындағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
Орташа жөндеуге 46 арнайы жол техникасы мен екі асфальтбетон зауыты жұмылдырылды. Нысанда инженерлік-техникалық мамандар, механизаторлар мен жол жұмысшыларын қоса алғанда 69 адам еңбек етті.
Жөндеу нәтижесінде 16 шақырым жолға жаңа әрі тегіс жабын төселіп, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен бірге жүргізушілер мен маңайдағы елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қажетті инфрақұрылым күшейтілді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз