Ақмоладағы «Родина» фермасы сүт өндірісін арттырып келеді
Ақмола облысының Родина ауылындағы «Агрофирма «Родина» серіктестігі өнім көлемін арттырып келеді. Сүт фермасында сауынды сиыр саны жыл сайын кемінде 100 басқа көбейеді. Соған сай сүт өнімдері де тонналап артады, деп хабарлайды 24KZ.
«Бұл еңбекқорлықпен қатар тұрақтылық пен табандылықтың арқасы», – дейді серіктестің бас директоры әрі құрылтайшысы Иван Сауэр.
Дамир Берікұлы, тілші:
– Бұл – Қазақстандағы ең ірі сүт фермаларының бірі. Мұнда 11 мың бас мал бар. Олардың 3 мыңнан астамы сауынды сиырлар.
Олардың әрқайсысы күніне 40 литрге жуық сүт береді. Осылайша, 90 жылдары жылына небәрі 830 тонна ғана сүт өндірген ферма қазір жыл сайын 40 мың тоннадан астам сүт және сүт өнімдерін шығарып отыр.
Рүстем Қаркенов, «Агрофирма »Родина» ЖШС бас директорының орынбасары:
– Сиырлар сүтті көп беру үшін олардың жағдайын барынша жасаймыз. Ең алдымен әрине, жем-шөбі өте құнарлы болуы тиіс. Одан кейін желдету жүйесі, қораның тазалығы, астындағы төсеніші секілді жайлылықтарға да мән береміз. Мұның бәрі – өте маңызды.
Осылайша, тәулігіне 120 тоннаға жуық сүт және сүт өнімдері маңайдағы елді мекендердің сауда сөрелеріне жөнелтіледі. Басым бөлігі Астанаға кетеді. Шаруашылық алдағы жылдары сауынды сиырлардың санын 3 жарым мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Шаруашылық басшысы жасы 70-ке таяған Иван Сауэр Родина ауылындағы бұл шаруашылыққа 29 жасында келген. Серіктестік тізгінін қолға алып, тұралаған кәсіпті аяққа тұрғызам деп жүргенде 90 жылдардың тоқырауына тап болып, біраз қиындықтармен бетпе-бет кезіккенін айтады. Алайда алған бетінен қайтпаған іскер азамат қазір бұл шаруашылықты Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі сүт фермаларының біріне айналдыра білді.
Иван Сауэр, «Агрофирма »Родина» ЖШС бас директоры:
– Кез келген салада негізгі күш ол – адам. Жұмысшылардың жағдайын жасай білсең, кәсібің де алға жүреді. Біздің ұстаным дәл сондай болды. Халықтың әлеуметтік жағдайын, ауылдың дамуын ең бірінші орынға қойдық. Қаншама қиыншылықтар болғаны рас. Алайда біз өз ұстанымымыздан айнымадық. Еңбеккерлердің жағдайын жасау, сол арқылы өнімділікті арттыру.
Бүгінде бұл фермада 800-ден астам адам еңбек етеді. Басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Ал сырттан келген мамандарға серіктестік үй береді. Тіпті ауылға жұмыс істеуге келген мұғалім мен дәрігерлерді де баспанамен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы тәжірибелі шаруа елдімекеннің дамуы үшін жыл сайын 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсап отырғанын айтады. Нәтижесінде ауылда жылда жаңа нысандар пайда болады. Ал жергілікті дүкендегі бағалар қазір елдің аузында жүр. Себебі мұнда ауыл халқы үшін азық-түлік бағасы нарықтағыдан кемінде екі есе арзан. Мәселен, бір бөлке нан жергілікті халық үшін небәрі 50 теңге тұрады.
Ирина Кожакай, Родина ауылының тұрғыны:
– Біз мұнда 16 жыл бұрын көшіп келдік. Тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Өзім осындағы кондитерлік цехта жұмыс істеймін. Күйеуім мен ұлым ферманың құрылыс бригадасында еңбек етеді. Серіктестік басшылығы жұмысшыларды әлеуметтік жағынан жақсы қолдайды. Жалақымыз да жақсы.
Осылайша, ауылда шаруашылықты ғана емес, бүкіл елдімекеннің тіршілігін тіктеп, әлеуетін арттырған табысты фермер бүгін Президенттің қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында мәртебелі меймандарының бірі болды. Әріптестерімен тәжірибесін бөлісіп, бағыт-бағдар берді.
Иван Сауэр, «Агрофирма «Родина» ЖШС бас директоры:
– Бүгінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 15 трлн теңгеден асып кетті. Мұндай көрсеткіш 3 жыл бұрын ойымызға кіріп шықпайтын. Ал мемлекет тарапынан жасалып жатқан бүгінгі қолдауды біз бұрын армандай да алмайтынбыз. Нәтижесінде саланың дамуы қарқынды. Кезінде 5 жыл жасалатын жұмыстар қазір 1 жылдың ішінде жүзеге асырылып жатыр.
Айта кету керек, биыл Родина ауылы Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының рейтингісінде үздік елді мекендердің қатарына енді. Жаһандық бағдарлама ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамытып қана қоймай, ауылдың инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруда озық тәжірибе көрсеткен ауылдар арасынан іріктейді.
Дамир Берікұлы, Медет Куанышбеков