Қазақстанда биыл 1,6 мың ауыл интернетке қосылмақ
Биыл Қазақстанда 1,6 мың ауылды интернетке қосу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қазір олардың 370-і байланысқа қосылды. Тартылған байланыс желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 12 мың шақырымға жетті.
Ауылдық жерлерде биылғы жоспар бойынша 1,6 мың ауылдың 370-і байланысқа қосылды, жалпы ұзындығы 11 819 шақырым байланыс желісі тартылды. 2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды байланыспен қамту жоспарланған. Бұл үшін 500-ден астам антенна-мачталық құрылым орнату көзделген,— деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, 20-дан астам қалада 5G желісінің 4 мыңнан астам базалық стансасы орнатылды. Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп, Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды. Ол спутник пен смартфон арасындағы тікелей байланыс арқылы елдің кез келген нүктесінде хабарлама жіберуге және интернеттің базалық қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Теміржол, әуе көлігі және туристік нысандарды интернетпен қамту жұмыстары да жалғасып жатыр.
«50 теміржол бағыты бойынша жүретін 124 пойыздың 1 500 вагоны интернетпен қамтылды. 7 ұшақ пен 50 туристік нысанды интернетке қосу жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы 4 511 шақырым болатын “Батыс – Шығыс” гипермагистралінің жартысы тартылды»,— деді вице-премьер.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз.